$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда өндіріс орнында жарақат алған жұмысшы қолынан айырылды

05.01.2024ж. 20:00
722
Алматыда өндіріс орнында жарақат алған жұмысшы қолынан айырылды

Алматыда өндіріс орнында жарақат алған жұмысшы қолынан айырылды. Ол жеңіл метал бұйымдарын өндірумен айналысатын мекемеде еңбек еткен. Басшысы оқиғадан кейін жұмыстан шығарып, жәрдемақы төлеуден бас тартыпты. Ең сорақысы компания осы уақытқа дейін қызметкерге әлеуметтік төлемдер аудармай келген. Өндірістік жарақаттан кейін өмірі күрт өзгерген азаматты Әйкерім Пернебек тыңдады.

Жәнібек Тұяқбаев 5 жылдан бері жеңіл металл бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорында штамптаушы болып жұмыс істеген. Оқыс оқиға болған күні темірді тесіп, кезекті бұйымды дайындап жатқан. Бір мезетте қолы оралып, 41 жастағы Жәнібек ауруханаға аса ауыр халде түсті. Оның айтуынша емханаға барар жолда бастығы бар жағдайын жасауға уәде еткен, алайда 2 операциядан соң сөзінен бастартып, Жәнібекті жұмыстан шығарып жібереді.

Жәнібек ТҰЯҚБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Станокта темірді кесіп жатқан кезде қолым оратылып қалды стружкаға. Сүйтіп қолымды сындырып тастады. Мына кистьті және перед плечо, иықты. Мен жұмыс орнына да бардым, көмек береміңдер ме десем, мен патрульдарға 3 млн бердім, больницаға 1 илн бердім басқа көмек бере алмаймын деді маған. Өз аузынан естідім бастықтың. Мен заявление ештенке жазбайтын тұғынмын, поликлиникаға барсам стразовкаң жоқ аға сізді қарай алмаймыз деді. Мен больницада жаттым, кредит төлей алмадым. Кредиттен мазалай берді деп, звондай берді деп жұмыстан шығарып тастадым деді баласы.

Оқыс оқиға орын алған мекемеге барып, басшылыққа хабарласып көрдік, алайда, ешкім телефонға жауап бермеді. Ал компания есепшісі жұмысқа ешкім келмеді деген жауап қайтарды.

Өндіріс кезінде аса ауыр жарақат алған Жәнібек Тұяқбаев 1-2 жыл жұмысқа толық шыға алмайды. Сауығып шыққан күнде де, тек жеңіл жұмыстарға жарамды.

Жәнібек ТҰЯҚБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Техника безопасности жоқ ол жерде, ондай затқа қол қойып көрмеппін. Ондай жерде спец одежда беру керек. Форма ештеңе жоқ.

Заң бойынша, қайғылы оқиға болған соң 24 сағат ішінде жұмыс беруші еңбек инспекциясына хабарлама жіберіп, оқиғаның мән-жайын айтуы тиіс болған. Қазіргі таңда іс полицияның қарауында еңбек инспекциясына жолданды.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек Жетісу аудандық полиция басқармасында тергелуде. Тәртіп бойынша іс материалдары арнайы тексеру жұмыстарын жүргізу үшін еңбек инспекциясына жөнелтілді. Оның ұйғарымы тергеушінің өндірісіне түскен сәтте процессуалды шешім қабылданатын болады.

Отбасында 6 адамды асырап жүрген Жәнібек әлі күнге дейін ауруханаға баруға мәжбүр. Енді ол еңбек инспекциясының шешімін күтеді.