$454.98 €509.53 ₽5.37

Семейге жылуды кеш берген шенеунік жазаланады

Семейге жылуды кеш берген шенеунік жазаланады
Фото: Gemini

Елдің 11 өңірінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады, ал Семейдегі дайындықтың кешігуіне байланысты Абай облысы әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ

Елде жылыту маусымы бекітілген жоспарға сәйкес ресми түрде басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды AstanaTV Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Үкімет басшысының сөзінше, қазіргі уақытта 11 өңірде жылу беру жүйесі іске қосылған.

Үкімет басшысы инфрақұрылымның дайындығын мерзімінде қамтамасыз ету туралы бұған дейін тапсырма берілгенін атап өтті.

«Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Мен жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады», — деді Олжас Бектенов.

Осы орайда тек Семей қаласында жылу желілері уақтылы дайын болмай шықты. Осы олқылыққа байланысты Үкімет басшысы Абай облысы әкімінің салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Премьер-министр өңір әкімдеріне жылыту маусымын өткізу жөніндегі жедел штабтардың жұмысын қайта жандандыруды жүктеді. Өңір басшылары энергия объектілерінің жұмысын үздіксіз бақылап, бекітілген параметрлердің сақталуын және отынның нормативтік қорының болуын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар халыққа сатылатын көмір бағасын қатаң бақылауда ұстап, тапшылыққа жол бермеу міндеттелді.

Отырыс барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев барлық жылу беру нысандарында қажетті отын қоры жасақталғанын хабарлады. Жылу және электр желілеріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Қалған аймақтарда, атап айтқанда Алматы, Шымкент қалалары мен Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жылу беру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл өңірлерде қосу жұмыстары ауа райы жағдайы мен бекітілген кестеге сай қазан айының соңына дейін аяқталады.