Астана қаласында былтыр тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша сотта 6595 әкімшілік іс қаралды. Сондай-ақ полицейлер пилоттық режимде ODARA жүйесін іске қосты. Осы арқылы отбасындағы агрессорларды анықтады. Сондай-ақ, енді жәбірленушінің өтінішінсіз-ақ полиция іс қозғай алады. Ал ерлі-зайыптылар татуласу үшін сотқа бір рет қана барады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы брифингте мамандар өткен жылды қорытындылады.
Өткен жылы елордада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа байланысты 102 желісіне 17 мыңнан астам қоңырау түскен. Қала тұрғындарының шағымдары бойынша тиісті шаралар қабылданды, дейді мамандар. Отбасында үнемі жанжал шығаратындарға қатысты 9090 қорғау ұйғарымы шығарылған. Сот 582 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қойды.
Айгерім ДАРКЕМБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖПҚБ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша, яғни отбасы тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша 4231, 73-1-бабы бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру 349 және де ұрып-соғу бойынша 1500 әкімшілік іс қозғалған болатын.
Елімізде отбасында зорлыққа ұшырағандарды қорғайтын орталықтар көбейіп келеді. Солардың қатарында «Үміт» дағдарыс орталығы бар. Орталық 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. 50 орынға арналған. Көмек сұрап келгендерге 8 бағыт бойынша көмек көрсетеді. Қызмет алушы мұнда 1 айдан 6 айға дейін тұрақтай алады. Өткен жылы 214 қызмет алушы қабылданған. Оның 60-ы -әйел, 154- бала. Жалпы орталық 10 жылдың ішінде 2337 әйел мен балаға жағдай жасаған.
Ғалихан ҚОҚАНБЕКОВ, «ҮМІТ» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Екі қызмет алушыға мүгедектігі рәсімделді. 30 қызмет алушыға жұмысқа орналасуға жұмыстар жасалды. Сонымен қатар 11 қызмет алушыға атаулы көмек алуға өтініштер беріліп, тағайындалды. Сонымен қатар 10 қызмет алушы тұрғын үй кезегіне қойылды. 11 қызмет алушыға соттан тыс банкроттық рәсімделді. 11 қызмет алушы субсидиялық қызметке жүгінді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық -қоғамдағы өзекті мәселе. Онымен күресті тоқтатпау керек және қоғам болып атсалысу қажет, дейді мамандар. Олар ауыл-аймақтарда дағдарыс орталықтарын ашып, шалғайдағы көмекке мұқтаж отбасыларға да қол ұшын созу қажеттігін ескертті.
Баян ТОЙКЕБАЕВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:
ІІМ-де биыл құқық қорғау органдарының әйел-қызметкерлерін барынша тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады. Дағдарыс орталықтарының саны ұлғаяды, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы енгізілетін болады.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағым көп болғанымен, сотқа дейін арызын қайтарып алатындар да баршылық. Мамандардың айтуынша, әйелдердің өзін ұрып-соққан ерін кешіруге көбіне «ұят болады», «ел не дейді» немесе «күнімді қалай көремін» деген көзқарастар әсер етеді екен. Мемлекет басшысы республикалық газетке берген сұхбатында құқық бұзушылар үшін жазаны қатаңдату туралы айтты. Бұл мәселе енді Президенттің назарында болмақ.