«Оныншы қабаттан секіріп кеткім келді» Smart News басылымының хабарлауынша, көптен бері сахнадан көрінбей кеткен әнші Индира Расылхан өзінің «Инстаграм» парақшасында өнерден алыстауының себебін жайып салды.
«Жайдан-жай ештеңе болмайды ғой. Әр нәрсенің өз себебі бар. Осыдан үш жыл бұрын өкпеме операция жасалды. Ол қайта қалпына келу үшін, өкпе жазылу үшін уақыт керек болды. Тап сол уақыттарда Атырау қаласына гастрольдік сапармен барып, күндіз жүрегім қысылып, құлап қалдым. Содан айналамдағы адамдар «жедел жәрдем» шақырыпты. Мен оның бірін де білмеймін. Бір есімді жисам, дәрігерлер «жүректен ешқандай ақау көріп тұрған жоқпыз, мүмкін неврологиялық ауру шығар» деп кетіп қалды. Содан бастап жүректен маза кетті, сәл ашулансам, ренжісем жиі-жиі ауыратын болды. Дәрігерлерге тексерілдім, олар «сізден ешқандай мін таппадық, бәрі таза» деді.
Неврологтар да «бәрі жақсы» деп шығарып салды. Сол уақыттан бастап жұмысымнан да қиындықтар шыға бастады. Жолым болмай, істеген ісімнің бәрі кері кетті. Айналамдағы адамдар менен теріс айналғандай сезімде болдым.
«Сені ешкім жақсы көрмейді, сен ешкімге керек емессің» деп ішімнен біреу сыбырлағандай болатын. Тек мамам ғана мені қолдап, оқытып, дем салдырып тұрды. Бір күні бір кісіге бардым. Ол «Индира, сізге екі сиқыр жасалған, біріншісі әбден бойыңызға сіңіп кеткен, ал екіншісі осы жақында ғана жасалыпты» деді. Ол кісі маған көмектесе алмайтынын айтты. «Түркияда бір адам бар, соған барып көріңіз» деп кеңес берді. Сол кісінің айтуымен Түркияға баруды ұйғардым» деді Индира Расылхан.
Әнші Түркия елінде өзіне ақын Айнұр Тұрсынбаева қол ұшын бергенін айтты.
«Дереу Айнұр Тұрсынбаеваға хабарласып, көмек сұрадым. Ол маған пәтер жалдап берді. Бар жиған-тергенімді қалтаға басып, үш қызыммен көшіп кеттім. Айнұрға Алла разы болсын, бір айлық пәтерақымды төлеп қойыпты, тіпті ішіне қажетті жиһаздарды да сатып әперді. Содан бір күні Айнұр үйіне тамаққа шақырып, қонып қалдым. Сол түні өзімді жайсыз сезініп, арпалысып шықтым. Бір қарасам оныншы қабаттан секіргелі тұр екем. Дереу есімді жиып, ертеңіне Қазақстандағы кісі айтқан адамды іздеуге шықтым. Оған баратын жолкіремді де Айнұр тауып, қалтама салып берді. Мен ол адамды таптым. Оқытылдым. «Бұл сиқыр отбасыңызға жасалған. Егіз қыздарыңыз құрсақта жатқанда болған. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады» деді. Сенесіздер ме, бір ай бойына үш қызыммен мазамыз болмай, зіл басып, жер бауырлап жатып қалдық. Содан қайта-қайта оқытылып, Құдайдан шипа беруін тілеп, емделудің, қиындықтан құтылудың жолын іздеп білім алдық. Кейін Қазақстанға келіп, Атырауда тағы бір емшіге арнайы барып, оқытылдық. Тағы да бұрынғы жағдай, бала-шағамызбен «қирап қалдық». Мен сол күйі оны кім жасады, не үшін болды деген сұрақтарға жауап ала алмадым. Білгім де келмеді. Бірақ бірте-бірте ол жағдайдан шыға бастадым. Алла мені өзіне жақындату үшін осындай сынақ берген шығар деп ойладым. Міне, осындай себептермен мен сахнадан алыстап кеттім. Енді арақ-шарап қойылмайтын тойларға барып өнер көрсетіп, домбырамен ән салсам деген мақсатым бар» деді Индира Расылхан.