Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Екі көлік соқтығысса, полиция шақырудың қажеті жоқ

Екі көлік соқтығысса, полиция шақырудың қажеті жоқ

Екі көлік соқтығысып, адам аман болса, полиция шақырудың қажеті жоқ. Тек көлік жүргізушілері өзара кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін анықтау қажет. 1 қаңтардан бастап елімізде "Еурохаттама" жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе жол үстіндегі ұсақ жол апаттарын тез, әрі оңай тіркеуге арналған. Жаңа жылдан басталған жаңа жүйе туралы тілшіміз Динара Жақсыбайқызы тарқатады.

Еурохаттама қаңтардың алғашқы күнінен бастап жұмыс істеп келе жатыр. Аталған қосымша арқылы хаттама түзу үшін тараптардың бірі қарсы болмауы тиіс және адам шығыны болмауы керек.

Қуаныш ТІЛЕКБАЕВ, ҚР ІІМ ҚАП АРНАЙЫ НҰСҚАУ БОЙЫНША АҒА ИНСПЕКТОР?

Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыру жағдайын рәсімдей алады. Бұл үшін мемлекет Еурохаттама арнайы қосымшасын әзірледі. Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.

Қосымша арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар. Ең алдымен жол-көлік оқиғасында тек екі көлік соқтығысқан болу қажет. Сонымен қатар жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болса және кімнің кінәлі, ал кімнің зардап шегуші екенін екеуара анықтағанда. Сондай-ақ апат кезінде денсаулыққа залал келтірілмесе, көлікке келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 мың теңгеден аспау керек.

Владимир ГАЙДАЕВ, АВТОМЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ?

Бұл жүйе көлік жүргізушілеріне өте пайдалы деп ойлаймын. Тек екі жүргізуші де жол-көлік оқиғасы кезінде эмоцияға берілмей, бір-бірімен түсінісе алса. Бірең-сараңы ортақ мәмілеге келе алар, ал көбіне әркім өзінің шындығын, өзінің көлікті дұрыс басқарғандығын айтып ақталатын болады.

Еурохаттаманың артықшылықтары бар. Біріншіден, азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияны күтпегендіктен жолдардағы кептеліс азаяды. Екіншіден, жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Үшіншіден, сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады.

Виталий ВЕРЕВКИН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САҚТАНДЫРУШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ?

Мамандар жеңіл жол апаты кезінде жүргізушілердің өзара келіскені дұрыс деп есептейді. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын сот отырысын күтіп, осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен 10 күн кетеді.

Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасына қатысушылар жақын жердегі полиция бекетіндегі тәртіп сақшыларының көмегіне жүгіне алады. Ал егер полицияға жүгінбей, қосымша арқылы хаттама түзіп кейін талас-тартыс болып, шығынды өндіре алмай қалса полиция қызметкеріне қайта шағымдана алмайды.