$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Су тасқыны қаупін азайту іс-шаралары орындалмай отыр», – Үкімет басшысы

09.01.2024ж. 20:00
656
«Су тасқыны қаупін азайту іс-шаралары орындалмай отыр», – Үкімет басшысы

Қар еріп, күн жылыса жұрт тағы тобықтан су кешуі мүмкін. Өйткені Қазақстан тасқынға дайын емес. Төтенше жағдайлар министрі Үкімет отырысында елдегі 1 жарым мыңнан астам гидротехникалық құрылыстың 300-ге жуығы қауіпті екенін айтты. Оның көбі халықты жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықталмаған. Маңызды мәселе биыл да жыр бола ма? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен әкімдіктер гидротехникалық құрылыстарды жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жабдықтауы қажет, апаттың алдын алып, ертерек қамданыңдар деп міндеттейді Үкімет. Бірақ жүйесіз жұмыс жылда жыр болады. Су тасқынына дайын болмау салдарынан талай елдімекен суға кетіп, жұрт жылда үй- жайсыз қалады.

Сырым ШӘРІПХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта ғимараттарды су қорғау белдеулеріне орналастыру барлық жерде проблема болып табылады. Нәтижесінде, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға мемлекет өтемақы төлемдерін жүргізеді. Осыған байланысты, әкімдіктер бірінші кезекте, осы елдімекендерді қорғауды қамтамасыз етуін немесе оларды көшіру мүмкіндігін қарауын және бұл аймақтарда болашақта құрылысқа тыйым салуын қажет деп санаймын.

Соңғы екі ай жауын-шашынды болып, қар көп түсті. Еліміздің шамамен 90 процентін қар басып жатыр. Бұл су тасқыны қаупін арттыра түседі. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында кей елдімекендерді су басып, жолды шайып кеткен.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Желтоқсанның ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін болып жатыр. Сондықтан өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, биылғы қаңтар-ақпанда еліміздің барлық өңірінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Осыған байланысты Үкімет басшысы су ресурстары министрлігі осы бастан су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, оны тұрақты түрде бақылап отыруы қажет деп тапсырды.