Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Алматы облысындағы саяжай тұрғындары ауыл мәртебесін алуға қарсы шықты

09.01.2024ж. 20:00
471
Алматы облысындағы саяжай тұрғындары ауыл мәртебесін алуға қарсы шықты

Алматы облысы Талғар ауданындағы саяжайлардың бірінде шу шықты. Жұрт асыға күткен ауыл мәртебесін аламыз дегенде, кей тұрғындар бұған қарсы болып шықты. Олардың көздегені не? Жеке пайдасын ойлағандары рас па? Жергілікті халықтың пікірін әріптесіміз Мөлдір Жақан тыңдады.

Шие бағы саяжайының тұрғындары бүгін байыз таппады. Ауыл мәртебесін алу үшін олар біраз тер төккен. Әйтеуір, бұл күнге де жеттік дегенде саяжайдың экс-төрағалары халықты арандатып, «үйлерің бұзылады» деп жалған ақпарат таратып жүрген көрінеді. «Жиналыстар өткізіп, ауыл мәртебесіне қарсы үгіттеп жүр» дейді халық.

Құндыз ХАСАНОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

Бір дачада 300 үй. Мың жарым адамнан 1-2 адам қасына 20 шақты адамды жинап алып, бәрін көтеріп жүр. Сносқа кетесіңдер дейді. Біз дача болған соң, много дискриманации бывает. Бірдеңе сұрасақ, жоқ бұл сіздің жеріңіз дейді. Ақша жинап, жолдарымызды жасаймыз. Ақша жинап, өзіміз жасаймыз мына газдың бәрін. Біз ауыл мәртебесін алуымыз керек.

Даудың басы бұрынғы төрағаларда екен. Тұрғындардың айтуынша, қайтадан жылы орындарына көз тіккен олар жарық пен суға екі есе қымбат ақша жинап келген. Енді саяжай ауыл мәртебесін алса, біраз ақшадан қағылайын деп тұр дейді.

Арайлым МҰСАНОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

Егер ауыл статусын алса, халықтан жеп отырған нандары, свет пен каждый коммунальный услуганың арасындағы разницалары қалталарына кетіп отыр, сол қалтасына кеткен ақшасын ала алмай қалатын болып отыр ғой. Ал егер біз үкіметке көшетін болсақ, әр үй Энергосбытқа өздері барып төлейді.

Бұрынғы төрағалар төбе көрсеткен жоқ. Тек оларды қолдап, жұртты дүрліктіріп жүрген топ пікір білдірді.

Алина СКРИПКИНА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ауыл мәртебесі берілсін. Бірақ үйімізді сүргенге қарсымыз. Әкімдікке сенбейміз. Өйткені тиісті құжаттарды бізге көрсетпеді. Қазір бәрі жақсы болғанымен, болашақта басқаша айтуы да мүмкін ғой. Мұндағы жер маған 60 жылдан бері тиесілі. Біз өз баспаналарымыз үшін уайымдаймыз.

Саяжайды Ақтас ауылына кіргіземіз деген ақ жағалылар Бас жоспарды қайта-қайта ауыстырыпты. Әуелі расымен де үйлерді бұзып, орнына мектеп салмақшы болған. Бірақ тұрғындардың талабын ескере отырып, білім ордасының орнын ауыстырыпты. Тіпті, тар жолды да кеңейтпей, сол күйі қалдырған. Жалпы Талғар ауданы бойынша 154 саяжай бар. Онда 45.000 астам халық тұрады.

Танат АЙДАРБЕКОВ, ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгі күнде ешқандай снос жайлы әңгіме болып жатқан жоқ. Қалай тұр, сол қалпы кіргізіп жатырмыз. Елдімекенге кіргізіп жатқанымыздың себебі - біз өз қаражатымызды салып, жолдарды, коммуникацияны бәрін жаңадан жүргізуге бізге мүмкіншілік туады. Ал қазіргі кезде дачный участок болған соң, бұған біз қаражат төлей алмаймыз.

Болат МҰСЫЛМАНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ СӘУЛЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Дачаның көшелері тарлау. Бір машина келе жатса, екінші машина өте алмай қалады. Оның да шешім бар. Мысалы, Қаскелеңде сияқты односторонний жолдар жасауға болады. Бүгінгі қойылған сұрақтарды протоколға енгізіп, ұсыныстар бойынша жұмыстар жасалады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Аталған мәселені халық ұзақ талқылады. Енді ақпан айында мәслихат отырысы өтеді. Егер мәслихат бекітсе, жарты жылдың ішінде саяжайға ауыл статусы беріледі деп сендірді билік өкілдері.