Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жамбыл облысында өткен жылы 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленді

AstanaTV
12.01.2024ж. 13:34
331
Жамбыл облысында өткен жылы 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленді

Былтыр Жамбыл облысында 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Жасырын есірткі зертханасы, қарасораны өртеу, бірнеше тонна тәркіленген есірткі заты, ұсталған есірткі сатушылар мен сақтаушылар – өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысы.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес форпосттарының бірі саналатын Жамбыл облысында есірткі қылмыстарын анықтау жұмыстары тоқтаусыз және жан-жақты жүргізіледі. 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жанданды. 2023 жылдың 12 айында есірткі қылмысының 576 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 5 тонна 818 келі есірткі алынды. Өткен жылы жамбылдық есірткі қылмысына қарсы бөлініс қызметкерлері қылмыстық топтың мүшелерін ұстау бойынша бірқатар ірі арнайы операция жүргізді. Арнайы қызметтермен бірлесе отырып, Шымкент қаласы мен Алматы облысына «героинді» жеткізу арнасының жолы кесілді.

– ҰҚКД-мен бірлесіп, Байзақ ауданында есірткі зертханасы жойылды, жасырын бизнесті ұйымдастырған 5 адам ұсталды. Есірткі өндіру синтетикалық есірткі өндірісінің өнеркәсіптік ауқымына лайықты есептелген. Полицейлер 34 келіден астам синтетика және 4 тонна прекурсорлар тәркіледі. Арнайы іс-шаралар нәтижесінде есірткі тұтынушыларға жеткізілетін 6 миллионнан астам доза жойылды. Олардың қылмыстық әрекеттерінің ауқымы түсінікті болу үшін синтетикалық есірткінің аса ірі мөлшері бір грамнан басталатынын айта кеткен жөн, - деді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Бүгінгі таңда есірткі нарығының құрылымы синтетикаға қарай ауысты. Өткен жылы синтетикалық есірткіні сақтағаны және сатқаны үшін 20 адам ұсталды, заңсыз айналымнан 1 келіден астам синтетикалық есірткі құралы тәркіленді. Облыс орталығында құрамы 4 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Солардың бірі Тelegram парақшасында 5 мың жазылушысы бар оператор синтетикалық есірткіні тарату үшін адамдарды жалдап, Атырау және Алматы қалаларына синтетикалық есірткіні өткізу арнасын ұйымдастырған. Жедел қызметкерлер 608 грамм мефедрон есірткісін тәркіледі.

Жартыжылдық арнайы іс-шаралардың қорытындысы бойынша героин тобына жататын есірткілерді сатудың ірі арнасы жойылды. Бұрын осындай әрекеттері үшін сотты болған 63 жастағы зейнеткер әйел ұсталды. Травмодол медициналық препаратының жиынтық кестесіне енгізілгеннен кейін түзеу мекемелеріне дәріханалық есірткі заттарын жеткізуге қатысты ақпаратты тексеру бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Осыған байланысты Байзақ ауданының тұрғыны ұсталды, оның үйін тінту барысында 3 430 дана травмадол, 90 дана самнол және 138 дана тропикамед табылып, тәркіленді, бұл препараттар қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде сатуға арналған.

Аймақта қарасора есірткісі өсетін атышулы Шу алқабы орналасқан. Жыл сайын «Қарасора-2023» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Өткен жылы іс- шараға 120-дан астам қызметкер жұмылдырылды, ҚР Ұлттық Ұланының «Бүркіт» әскери қызметшілерінің күш-құралдары және ҚР Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды. «Қарасора» іс-шарасының қорытындысы: Шу алқабынан 1 тонна 293 келіден астам есірткі тәркіленді, осыған қатысты басқа облыстарға оны тасымалдап әкету бойынша жабайы қарасораны шабу және дайындау кезінде 15 адам ұсталды. Сондай-ақ қарасора өсірудің 20 дерегі анықталды, 1 800 келіден астам қарасора тәркіленді.

Қарасора тажалын жеңу үшін жамбылдық полицейлер барлық қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалануда. Жерді жырту, Шудың шөбін шалғымен шабу және өртеу арқылы 220 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды. Биыл облыста прокуратура органымен бірлесіп, «Narko Shekteu Taraz» Telegram-боты іске қосылды. Ол арқылы тәулік бойы тұрғындар түрлі есірткі қылмыстары туралы хабарлай алады, ал осыған қатысты құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, шаралар қолдана алады.

Қазіргі уақытта 1 579 өтініш-талап келіп түсті. 1 383 интернет-сайт бұғатталды, 392 есірткі жарнамалаған граффити жазулар жойылды.Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастармен алдын алу және сенімді қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жасауда. 30 мыңнан астам оқушы мен студенттердің қатысуымен 900 профилактикалық іс-шара өткізілді.