Ақмола облысында 15 жастағы жасөспірімді тоқ соғып, ауыр жарақат алды. Тоғызыншы сынып оқушысы жүк вагонының үстіне шығып, жоғары кернеулі электр сымдарына тиіп кеткен, деп хабарлайды Astana TV.
Оқушы елордадан Шортандыға келіп, теміржол вокзалына барған. Сол жерде жүк вагонының үстіне шыққан кезде жоғары кернеулі электр тогына түскен. Салдарынан басы, қолы мен аяғы қатты зақымданған. Дереккөздің хабарлауынша, денесінің шамамен 70 пайызын күйік шалған.
Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.