Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Оралда «Қаладан ауылға» бағдарламасының тұсауы кесілді

15.01.2024ж. 20:00
754
Оралда «Қаладан ауылға» бағдарламасының тұсауы кесілді

Батыс Қазақстан облысының ауылдарында 1600-ден астам үй қаңырап тұр. Бақытын қаладан іздегендердің көптігі соншалық, шалғайдағы елдімекендерде бала жетіспей, мектептер жабылып жатыр. Енді осы олқылықтың орнын «Қаладан ауылға» атты пилоттық бағдарламасы толтырмақ. Өңірде тұсауы кесілген бастаманың мақсаты - жадап-жүдеген ауылды қайта жандандыру. Бағдарлама бойынша биыл 120 отбасы көшіріліп, тегін баспана, жеңілдетілген несие беріледі. Бұл үшін 650 млн тг бөлінген. 3 жылда 3600 отбасыны көшіру жоспарланған. Енді олардың төрт түлігін түгендеп беру жайы ойластырылып жатыр. Ал шаруа қожалықтары 500 мың теңгеге малын бақтыратын адам таппай зар илейді.

Әділбек ЖОЛДАСБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ең керекті мамандар ауылда жоқ. Мысалы деген тракторист жоқ, мысалы қожалықтарға тракторшы жіберші маған деп звондайсың. Трактор бар, тракторшы жоқ дейді. Электрик жоқ, сварщик жоқ. Бірінші кезекте малшы жоқ. Сосын сауыншы жоқ. Ауылда жұмыс көп, бірақ жұмысшы жоқ. Малшыны да таба алмайды кейде 500 мыңға. Ал сіз қалаға келіп 500 мыңға қандай жұмыс табасыз?

Былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 775 түлек жұмысқа орналасқан. Енді жастарға жасалар жеңілдік көбеймек. Ауылға барған дәрігерлерге былтыр 5 миллион теңге көмек берілсе, биыл бұл қаржының көлемі 8 миллион теңгеге жетеді. Ал жеке кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекеттік грант берілмек.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Шаруа қожалықтарының басшылары болсын, қандай да болмаса да, кәсіпкерлер болса, солар өзінің адамдарына тұрғын үй салатын болса, біз 50 пайызын субсидиялаймыз. Яғни, тұрғын үйдің көлемін 10 миллионға салып беретін болса, біз әлгі кәсіпкерге 5 миллионын қайтарамыз. Міне осының барлығы қаладан ауылдарға көшіп баратын азаматтарға жасалып жатқан жағдай. Жастарға және 2,5 пайызбен несие береміз.