Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевқа Санкт-Петербургтегі Wildberries қоймасында болған өрттің қазақстандықтарға әсері туралы сұрақ қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет брифингінде министрге қазақстандық сатушылардың мүлкі мен қазақстандықтар жасаған тапсырыстарға зиян келмеді ме деген сұрақ қойылды.
"Санкт-Петербургте шыққан өрт Wildberries қоймасының шамамен 3,5 пайызы болады. Ресей бойынша 100-ден аса орын бар. Бүгінде біздің сатушыларға қандай (зиян келді - еск.), қанша тауар зақымдалғаны туралы нақты ақпарат бізде жоқ. Тергеу, санау және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеткізу мүмкіндіктеріне келетін болсақ, БАҚ көлік паркіне зақым келмегенін, жалпы тауарларды сақтау және өңдеу орындарында жеткізу жүріп жатқанын, олардың көпшілігі Ресейдің орталық бөлігінде орналасқанын жазды", - деп жауап берді Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, жеткізу процесі "қалыпты жүріп жатыр". Министрлікке ешқандай шағым түскен жоқ.
"Тергеу нәтижесін күтуіміз керек, бірақ сатушылардан ешқандай шағым түскен жоқ", - деп қосты министр.
Wildberries баспасөз қызметі кейінірек Шушарыдағы (Санкт-Петербургке жақын ауыл – еск.) жағдайдың компанияның жалпы логистикасына және Қазақстанмен логистикаға айтарлықтай әсері "күтілмейтінін" хабарлады.