Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Астанада 2 мыңнан астам адамды ит қапқан

16.01.2024ж. 20:00
510
Астанада 2 мыңнан астам адамды ит қапқан

Қаңғыбас иттер қаптап барады. Өткен жылы елордада 2 мыңнан астам адамды ит қапқан. Төрт аяқтылардан келетін қауіпті қайтып азайтамыз? Ақбота Базарбай жауап іздеп көрді.

Астанада қаңғыбас иттердің саны артып келеді. Бұл мәселе тұрғындарды алаңдатып отыр. Кезбе иттің кесірінен көше айналып үйіне әрең кіретін оқушылары тағы бар. Жергілікті тұрғындарды алаңдататын басты мәселе - аурудың таралуы. Себебі бұл маңдағы иттер тойған жеріне үйренген. Ешкімді жатырқап, жатсынбайды. «Алайда ат теппейді, ит қаппайды деме» деген сөз бар қазақта. Осыдан сақтанған тұрғындар қауіпсіздік үшін бір шара қабылдау керек деп санайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Опасно ғой енді балаларға. Постоянно мына жерде школдан келеді ғой автобуспен, қорқады балалар.
- Өріп жүр, жана мына жақтан келдім. 5-6 иттер шұбырып жүр. Балалардың бірі қашса талап тастайды. Иттің аты ит қой.
- Питомниктар ашып, сондай жерлерге орналастыру керек шығар. Ата бергенмен обал ғой, ол да жеті қазынаның бірі ғой.

Астана тұрғындарынан тәулігіне "қаңғыбас ит қаптады" деген 40 шақты арыз түседі. Жауаптылар мәселенің өзекті екенін мойындап отыр. Былтыр иесіз кезіп жүрген 3 мыңдай итті ұстаған.

Абай АБЫЛХАН, «АСТАНА ВЕТСЕРВИС» КМК ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР МЕН МЫСЫҚТАРДЫ АУЛАУ ЖӘНЕ КҮТІП ҰСТАУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Жылдан жыл қала бойынша қаңғыбас иттер азаймастан бұрын, көбейіп жатыр десек болады. Оның ең басты проблемасы иттерді стерилизация жасау. Иттерге стерилизация жасалмаса көбейе береді жыл сайын.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Күнде 5 бригада арнайы рейд жүргізіп, қаңғыбас иттерді аулайды. Бұған көз жеткізу үшін арнайы мамандармен бірге қала ішінде ауланған иттерді уақытша ұстау пунктіне келдік. Мұнда қазір 3000-нан астам иесіз ит бар.

Мария ГРИБЕНКИНА, "СТОП ОТЛОВ" ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Иттер өте көп. Ал жағдай оларға мүлдем жасалмаған. Иттерге арналған ұяшықтар жоқ. Бөлінетін қаржы тіпті мардымсыз. Бізге дәрігер мен қызметкерлер жетіспейді. Оларға төлейтін айлық та жоқ. Иттерге керек дәрі мен тамақ қарапайым халықтан жиналады.

Адам мен қорадағы малды қойып, иттер тіпті бір-біріне шауып, әлсізін талап өлтіреді. Себебі - аш.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

500 итке арналған пункте қазір 3000-ға жуық ит бар. Бұл төрт аяқтылардың өміріне ғана емес, тұрғындарға да қауіп төндіріп тұр. Өйткені азық жоқ. Аш иттер қамаудан қашып, адамдарды қауып алып жатыр. Біз проблеманың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Заң жобасы әзірленуде.

2 жыл бұрын жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қабылданған еді. Онда жануарларды азаптап өлтірген адамға 30 миллион теңге көлемінде айыппұл салынады деп көрсетілген. Ал қаңғыбас иттер адамды не баланы талап өлтірсе, қай заңның қай бабына жүгінуге болатыны әзірге белгісіз.