$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Онлайн сауданың жарнамасы жақсы болуы керек", - кәсіпкер

16.01.2024ж. 20:00
681
"Онлайн сауданың жарнамасы жақсы болуы керек", - кәсіпкер

Базар аралап, дүкен жағалайтын заман емес. Телефонның түймесін түртіп, керегіңді үйге алдыруға болады. Кәсіпкерлер де ғимаратты жалға алып, шығынданбайды. Онлайн сауданың артықшылығын пандемия кезінде сезіндік. Өткен жылы электронды коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асты. Бірақ бөлшек сауданың небәрі 13 пайызын құрады. Оны дамыту үшін қандай қадамдар жасалуы керек? Мөлдір Жақан сала мамандарынан сұрады.

Назым Набиева онлайн саудамен екі жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Декреттік демалыстағы жас ана үйінен шықпай-ақ табыс тауып отыр. Арнайы сайттардан Түркия, АҚШ елдерінен киім-кешекке тапсырыс беріп, байерлік қызмет атқарады. Одан бөлек әйелдерге арналған косметикалық өнімдерді әлеуметтік желі арқылы сатады. “Онлайн кәсіпті бастамас бұрын саланы жан-жақты зерттеген жөн” дейді.

Назым НАБИЕВА, КӘСІПКЕР:

Қазіргі заманда қандай ниша сұранысқа ие, соның бәрін оқығанмын. Ақшамды аямадым оған. Оның барлығы бизнеске керек. Сату үшін бірнеше маманды жалдау керексің. Мен оның барлығын өзім істеймін. Мобилограф, SMM - маманы деген сияқты. Қазір енді онлайнның заманы болды ғой. Ешқайда шығып керек емес. Через курьер, через такси салып жібересің. Аренда төлемейсің.

Онлайн сауданың тиімділігін бәрі түсінді. Бірақ біздегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. Үкімет басшысы отандық онлайн-дүкендерді дамыту үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда әлем елдерінде электрондық сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. 2025-ші жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25%-ке асып түседі деп күтілуде. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес-процестерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр.

Экономистер Қазақстандағы электронды сауданың дамуына пандемияның елеулі үлесі болғанын айтады. Сондай-ақ бүгінде отандастарымыз тауарларын халықаралық нарыққа ұсынатын мүмкіндіктері жоғары дейді.

Меруерт МАХМҰТОВА, ЭКОНОМИСТ:

Оған жалпы цифровизация да үлес қосып жатыр. БҰҰ көрсеткіші бойынша жер жүзінде 190 мемлекеттің арасында Қазақстан 28-ші орынға ие болды. Сондықтан бәріміздің телефонымызда банктің мобильді қосымшасы бар. Әр банктің электронный маркет нарығы бар. Сондықтан электронды сауда әрі қарай да өсетін потенциалы бар.

Бұл тұрғыда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі де үлкен маңызға ие. Ол үшін қажетті түзетулер әзірленіп, “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына енгізіледі. Бұл құжат қазір Парламент қарауында.