Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Samruk-Kazyna Trust» қоры балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады

AstanaTV
23.12.2016ж. 20:00
2689
«Samruk-Kazyna Trust» қоры балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері өз қамқорлығындағы балалармен кездесті. Оларға түрлі сыйлықтар табыс етті. Компанияда қызмет атқаратын 350 мыңнан астам адамның сәлемін ала келген өкілдер арнайы кабинеттер мен орталықтардың жұмысымен танысты. «Дара» түзету орталығы денсаулығында ақауы бар балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істейді. Жылына 160-қа тарта емделушіні қабылдайтын мекемеде бір курсқа 70 бала жазылып, 3 ай арнайы курстан өтеді.

Светлана Кучеренко, ата-ана:

Біздің бұл орталыққа келіп жүргенімізге 4 ай болды. Балам сөйлеуге қиналатын. Басында тек ана, әке дегенді ғана айтса, қазір сөздік қоры молайды. Түстерді айтуды үйреніп жатырмыз.

«Қасиетті жол» орталығының жұмысы да уақыт өте кәсіби деңгейге көтерілген. Шетелден маман шақыртып, қызметкерлердің білімін толықтыру жұмыстары қатар жүргізіліп келеді. Биыл Атырау мен Жаңаөзенде арнайы бөлімдер ашылған. Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері «Бақытты балалық» жобасының тұсаукесеріне қатысты.

Айнұр Нұрқожаева, «Қасиеттi жол» балаларды оңалту орталығының директоры:

3 жылда 754 бала сауықтыру шарасынан өтті. 95 пайызы - церебральді сал ауруына шалдыққандар. Сырқаттың қиындығына қарай сатылы түрде жекелей ыңғайын табуға тырысамыз. Әр баланың жетістігі бар. Бұл тіпті алғашқы 3 аптаның өзінде байқала бастайды.

Ерлан Даримов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:

Жобаның жалғаса түсеріне сенемін. Қандай қыруар жұмыстардың жасалып жатқанын көріп отырмыз. Кемістігі бар балалар қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін өз үлесімізді қосуымыз керек. Және өздері қалаған іспен айналыса алатындай дәрежеге жеткізе алармыз деген сенім бар.