Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Астанада баласына дұрыс тәрбие бермеген 900-ге жуық ата-анаға айыппұл салынды

Астанада баласына дұрыс тәрбие бермеген 900-ге жуық ата-анаға айыппұл салынды

100 мыңға жуық ата-ана баласының бұзақылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл- былтырғы көрсеткіш. Ал жыл басынан бері елорданың өзінде 900-ге жуық ата-ана айыппұл арқалаған. Әсіресе, 14-15 жастағы балалар әке-шешенің сөзін құлаққа ілмеген. Еркіндік береміз деп есіртіп жіберген жоқпыз ба? Динара Жақсыбайқызы тақырыпты зерттеді.

Соңғы жылдары елімізде баласын нашар тәрбиелегені үшін айыппұл төлейтін ата-ана көбейген. Былтыр 120 мыңға жуық бала полиция органдарына жеткізілді, дейді мамандар. Оның ішінде 118 мыңы әкімшілік, қалғаны қылмыстық жауапкершілік үшін тәртіп сақшыларының қолына түскен.

Ержан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Балалармен жасалған қылмыстардың көпшілігі бұл ұрлық қылмыстары, тонау және бұзақылық қылмыстары болып саналады. Жалпы былтырғы, 2022 жылмен салыстырған кезде 10 пайызға артты. Сонымен қатар полиция органдарында 4 мыңға жуық жасөспірім және 6 мыңға жуық ата-аналар есепте тұрады. Қазіргі таңда 5 мыңға жуық ата-ана жауапкершілікке тартылды.

Жеткіншек түнде көше кезіп, қаңғып жүрсе, сабаққа бармаса оған ең бірінше кезекте ата-ана жауапты. Сондықтан бала тәрбиесін нашарлатқаны үшін оларға айыппұл салынады.

Гүлмира ШРАХМЕТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Астана қаласында жыл басынан бері 900-ге жуық ата-ана баласы үшін әкімшілік айыппұл төледі. Кәмелетке толмағандар қылмыс немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасаған кезде полиция бөліміне жеткізіледі. Осы санатта құқықбұзушылық расталған болса, кәмелетке толмағандар мектепшілік және қалалық есепке қойылады.

Ата-ана баламен оның тәртібі мен міндеттерін талқыламайды, дейді психологтар. Олардың айтуынша, бала өскен сайын оған қойылатын талап та өзгеріп отырады.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Балаға тым бостандық беріп жатады немесе тым шектеу қойып жатады. Соның салдарынан балалар дұрыс емес іс-әрекеттерге барып жатады. Себебі ата-анасына протестке шығады. Соның салдарынан бала бала үшін ата-ана айыппұл төлеуге міндетті болады. Себебі мұның барлығы дұрыс емес тәрбие берудің салдарынан болып жатады.

Бала тәрбиесінде қоғамның пікірі қақ жарылады. Бірі шектеу керек, енді бірі бостандықта өскен бала ақылды болады, дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Баланы бостандықта тәрбиелеу керек. Өзіміз солай өскенбіз. И мен өзімнің балаларымды шектемеймін.
- Шектеу ғана болу керек деп те айта алмайсың, босатып жіберіп жаңағыдай, қамысты бос ұстасаң қолыңды қияды деген тағы бар. Тіке тек қана осылай болу керек деген сөз болмайды.
- Баланы 5 жасқа дейін бос жіберу керек, бос. Бестен кейін уже тәрбиеге кірісу керек.
- Бала не түсінеді, ештеңе түсінбейді. Баланың өзіне беріп қоюға болмайды да. Еркіндікті беріп қоюға болмайды.

Нашар тәрбие алғаны немесе түнде клубта болғаны үшін ата-анаға 10-20 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Яғни ата-ана 37 мыңнан 74 мың теңгеге дейін шығынға батады.