Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралда тұрмыстық газ баллондарын ешкім тексермейді

17.01.2024ж. 20:00
303
Оралда тұрмыстық газ баллондарын ешкім тексермейді

Оралда тұрмыстық газ баллондарын тексеретін мекеме жоқ. Мұндай қамсыздықтың соңы қайғыға ұрындырса да, жауаптылар жайбарақат. Осыдан екі апта бұрын Оралда дәмхана жарылып, үш адам өлді. Дәмхана иесі қамауда отыр. Сараптама нәтижесі әлі шыққан жоқ. Дегенмен мамандар ойран салған өрт көгілдір отыннан шықты деген жорамалын жасырмайды. Бірақ ойланып қолданбаса, опық жегізер отынның қаупін тексеруге ешкім асығар емес.

Тұрмыстық пропан баллонын әсіресе саяжай тұрғындары қолданады. Үйіне көгілдір отын тартуға шамасы жетпегендері ағаш жағып жылынып, тамақты газбен пісіреді.

Максим МИКРЮКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бір газ баллон бір айға жетеді. Біткенде апарып, көліктерге газ құю станцияларынан толтырып аламыз. Үлкен баллонды құю 3 мың теңге. Ешкім жоқ кезде барып, жасырынып жасаймыз.

2012 жылдан бері тұрмыстық баллонға газ құюға тыйым салынды. Бірақ мұны көбі ескермейді. Өйткені мынадай 25 литрлік баллонды толтыру - 2000 теңге. Артылған ақша операторға қалады. Айласын асырғанға алушы риза, сатушы мәз.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Баллонымызды арқалап бірнеше газ құятын бекетке бардық. Бірақ өтпеді. Өйткені балонның мына жерінде газ құятын арнайы тетігі болуы керек екен. Әйтпесе газ құймайды.

Алтай КИЛИШЕВ, ГАЗ ҚҰЮ СТАНЦИЯЛАРЫ ЖЕЛІСІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Қаланың 95 пайызға шейін табиғи газбен қамтылды. Көбіне пайдаланатын саяжайлар пайдаланады. Бірақ олардың көбіне газ жүргізілді. Сұраныс көп жоқ. Екіншіден, газ баллондар совет үкіметінен қалған 50 жылдай болған газ баллондар әлі қолданыста болған себебінен халыққа сатуды доғардық.

Бұрын Оралда газ баллондарын тексеретін екі станса болды. Мамандары құтының қысымын тексеріп, ішін тазалағасын ғана газ құятын. Қазір екеуі де жабық. Ал автогаз құятындар мұны жасамайды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Сарайда шаң басқан мына баллондардың техникалық талапқа қаншалықты сай келетіні күмәнді. Демек бұлар да баяу жарылатын бомбаға бергісіз. Әрі бұлар 30 жыл қолданылғаннан кейін жойылуы тиіс. Бірақ оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Берікқали АЙТҚАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ГАЗТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Біздің сектор тұрмыстық баллонды тасымалдап, қолдануды ғана қадағалайды. Бірақ заңдағы өзгерістер бізге тек алдын алуды жүктеп, бақылау құзіретін алып тастады. Енді ешкімді тексере алмаймыз. Бұған бұрынғы тексерістердің нәтижесі керек. Ондай дерек бізде жоқ.

Бүгінде батыс өңір түгелдей табиғи газбен қамтылса да, құтыдағы газды қолдану азаймады. Шалғайдағы шаруаның да, қала берді қаладағылардың да тірлігі осы баллонсыз бітпейді. Ал оның газы заңсыз құйылған. Екі апта бұрын үш адам өртеніп өлген дәмханадағы жарылыс та газдан шыққан деген болжам бар. 2018-жылдан бері елімізде жарылған баллон 118 адамның өмірін жалмапты. Арада алты жыл өтсе де, бұған әлі ешкім бас қатырар емес.