«Ақ жол» партиясының депутаты Асқар Садықов мәжіліс отырысында мобильді аударымдарды бақылауға алғаннан кейін кәсіпкерлер көп шағымданып жатқанын жеткізді. Депутат қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа 1 қаңтардан бастап енгізілген мобильді аударымдарды фискалды бақылауға қатысты сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, мобильді аударымдарға фискалдық бақылауды енгізу бизнес пен халыққа бірден қиындық туғызған.
«Бұрын мобильді аударымдар арқылы төлеген кезде сатушы қолма-қол ақша түбіртегін беруге міндетті еді. Енді онлайн аударымдар арқылы алынған бөлек, кассалық чектер үшін бөлек есептеледі. Тиісінше, салық салудың жеңілдетілген режимінде жұмыс істейтін кәсіпкер бір табыс үшін салықты екі рет төлеуі керек. Бұл шағын бизнес үшін қомақты сома – 3% орнына 6% төлеуге тура келеді. Екінші мәселе – POS-терминалдар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін банк комиссиялары бар, ол 2,8%-ға дейін жетеді. Нәтижесінде кәсіпкерге түсетін қаржылай жүктеме 3% орнына 8,8%-ға дейін өседі», – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, бизнесті POS-терминалдармен жұмыс істеуге мәжбүрлеу арқылы салық органдары банктердің мүддесін қорғайды. Ал Ұлттық банк уәде еткен ұлттық төлем жүйесі ешқашан пайдаға аспаған. Асқар Садықов салықшылардың қолма-қол төлемдерді қабылдауға тыйым салу туралы өтініштері «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның талаптарын бұзатынын айтты.
«Кәсіпкерді қандай да бір нақты төлем түрін жасауға мәжбүрлеу заңсыз. Шағын және микро бизнес – олигархтар емес, шағын дүкендерде тауар сататын немесе шағын қызмет көрсететін қарапайым адамдар. Олар бюджеттен ақша ұрлап, оффшорға шығарып жатқандар емес. Ондай кәсіпкер тіпті 5 мың теңге салықтан жалтарса да, ақшаны елде қалдырады. Мәселен, ұлына бәтеңке алып береді немесе шағын кәсібін сәл де болса кеңейтеді. Түсіндіру барысында салық органдары түрлі адамнан түскен 100 мобильді аударым бақылауға алынғанын атап көрсетеді. Бірақ оның мөлшері анықталмаған. Демек 100-200 теңге көлеміндегі кез келген, азғантай төлемдерді де бақылауға мүмкіндік береді. Онда салық органдарына сұрақ: «Сонымен кімді іздеп жүрсіздер? Жасырын олигархтар мен жемқор шенеуніктерді ме әлде жанын әрең бағып отырғандарды ма?» – деді депутат Асқар Садықов.
Депутат мобильді аударымдарды «жайына қалдыруды» сұрады. Кірісі онсыз да орташа жалақыдан төмен такси жүргізушілері, тігіншілер, өзін жұмыспен қамтып отырғандар мен өзге де қазақстандықтар зардап шегіп отырғанын алға тартты.
«Сіздер күнін әрең көріп отырғандарға салық салғыларыңыз келеді. Олай болса оларға жұмысын тоқтатып, мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отыру әлдеқайда оңайырақ болмақ. Жалпы алғанда мобильді аударымдарға енгізілген толық бақылау жемқорларға әсер етпейді, адал шағын кәсіпкерлікке әсер етеді”, – деді ол.
Депутат кәсіпкерлердің де, халықтың да, мемлекеттің де мүддесін ескере отырып, мобильді аударымдарға салық салу тәсілін қайта қарауды талап етті.