Мүмкіндігі шектеулі 27 жанның банк шоты бұғатталды. Олар қаржы ұйымдарынан алған кредитін уақытылы төлемеген. Әлеуметтік көмекке шектеу қойған жеке сот орындаушыларының әрекеті заңды ма? Қарызын өтеуді 90 күннен артық кешіктіргендер 2 миллионға жуықтайды. Яғни, шоттары жабық. Олар қалай күн көруде? Қарыздарынан қайтып құтылмақ. Сүндет Оралбек зерттеді.
Сот орындаушылар мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алатын 27 борышкердің банк шоттарын бұғаттап тастаған. Ал заң бойынша жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерге арналған банк шоттары жабылмауы керек.
АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жарты миллион теңгенің қаражаты қайтарылып, банк шоттарына салынған тыйым алынды. Соның нәтижесінде 27 адам 1,2 млн теңге қаражатына қол жеткізді. Қазір қалалық прокуратура уәкілетті органмен бірлесіп, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
Елімізде 8 жарым миллионға жуық адамда несие бар. Оның 1 млн 700 мыңының қарызды кешіктіргеніне 90 күн асып кеткен. Берешектері 1,4 трлн теңгеден асады. Олардың қатарында оралдық Хамит Мұхамбетов те бар. Кредитін уақыты төлей алмаған. Банк шоты бұғатталған. Енді тұрақты жұмысқа да орналаса алмай жүр. Тек қол-қол ақша беретін жалдамалы жұмыспен күнелтуде.
Хамит МҰХАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мекеменің бастығы айтты: жарайды, мен сізге ретін тауып 3-4 ай төлеп тұрайын, артық төлей алмаймын,- деді. Өйткені мені де тексереді деді. Мен сізді тұрақты жұмысқа ала алмаймын деген мағынада ғой. Тұрақты жұмысқа алатын болса, карточка ашу керек. Ал мен карточка ашайын десем есепшотым бұғаттаулы. Ол айтты - саған аударған ақшаны банк жұтады да отырады деді. Содан енді жалдамалы осындай жұмысқа кеттім. Күн көру керек қой, балаларды да асырау керек.
Банк заң бойынша шектеу қояды. Тұрақты жұмыс тапсаңыз қайта кесте жасатып, берешекті өтеуге мүмкіндік бар. Ал қаржы ұйымдары 90 күнге жетпейінше мұндай қадамға бара алмайды. Қарызды өтемеудің нақты себебі болса шектеуді алуға болады. Оны кез-келген адам істей алады. Бірақ жолын білмейді. Ғаламтор ақысын берсең бұғатты ашуға көмектесемін деген жарнамаға толып тұр. Біреуімен хабарласып көрдім.
ЖСН-іңізді берсеңіз, бірінші мен тексеріп, айтамын. Ол 3-4 жұмыс күнінде ашылады. Иә, әрине заңды. Мен сіздің атыңыздан электронды пошта ашып, сіздің құжаттарыңыз бойынша сот орындаушыдан атқару жазбасын аламын. Сол атқару жазбасы бойынша қарсылық хат жіберіп, сіздің шотыңызды ашуға жұмыс істеймін.
Айтуынша, шотты бұғаттаушылар нотариус арқылы атқару жазбасын шығарады. Ол 10 күн ішінде қарыз алушыға хабарлануы керек екен. Бірақ көбісі хабар бермейді. Қарсы тараптан хат болмағаннан кейін сот орындаушы шотты бұғаттап тастайды. Бәрі бірдей тоқсан күнді күтіп отырмайды. Коллекторлық компанияға жүгінеді. Олар өндіріп алудың түрлі тәсілін істейді.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
-Алло.
- Сүндет Оралбек пе екен?
-Иә.
- Мақсат Құдайбергенов сіздің кіміңіз? Оның бізге қарызы бар. Егер төлемесе сіздің жұмыс орныңызға хабарласып, шағымданамыз. Олай болғанын қаламасаңыз ескерткеніңіз дұрыс. Немесе қарызды өзіңіз жаба салыңыз.
Мен неге төлеуім керек?
Танысыңыз емес, неге жаның ашымайды.
Коллекторлардың қысымының бұл бір мысалы. Туған-туысының мазасын алады, ауыздарына келгенін айтады. Коллекторлық компания қызметкерлері жалақыны сол өндірілген қаражат есебінен алады.
Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Заң талаптарына сәйкес қарыз алған азамат қарызын төлемесе оған қандайда бір психологиялық қысым, туыстарына қысым жасау, сіз қамаласыз, сіз алаяқтық бабымен сотталасыз деген сияқты заңсыз іс әрекеттер жасайды. Егерде коллекторлық компания тарапынан қандайда бір қысым жасалып жатса оны дәлелдеме ретінде телефонға жазып алып, ары қарай қылмыстық немесе әкімшілік жазаға қарастыру керек.
Қарызды қайтсеңіз де қайтару керек. Заң талабы солай. Бірақ есептескен кезде тиынына дейін мән беріңіз. Өйткені қалдық соммасы өсіп, кейін тағы шотыңыз бұғатталуы әбден мүмкін.