Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерге шақырылған сарбаздар міндетті түрде менингитке тексерілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін Жетісу облысында әскерге барғанына 3-ақ ай болған сарбаздың көз жұмғаны хабарланған еді. Ол менингит ауруынан көз жұмған. Министр осы жағдайдан кейін сарбаздардың денсаулығын жеке бақылауына алғанын жеткізді.
Сарбаздың отбасына көңіл айтамын. Ол менингит ауруынан көз жұмды... Өкінішке қарай, міндетті түрде тапсыратын медициналық анализдердің тізімінде менингитке тексерілу жоқ. Қазір оны біз тізімге қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осы жағдайдан кейін мен тиісті шешім қабылдадым, тиісті қаржы бөлінді. Сарбаздар әскери бөлімге келгеннен кейін оларды 100% менингококқа тексереміз. Егер ауру анықталса, олар 5-7 күн бойы дәрі ішіп, емделеді, - деді Руслан Жақсылықов Парламенттің бірлескен отырысынан соң.
Сондай-ақ ол аурудан көз жұмған сарбаздың ата-анасы дәрігерлер қойған диагнозбен келіспей отырғанын атап өтті.
«Мен де әкемін. Оларды түсінемін. Мұндай жағдайдың болғаны бәрімізге ауыр тиді. Қазақта «ажалы келді» деген сөз бар. Сараптама (дәрігерлер қойған диагнозды) растады», - деді министр.