Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстанда ағаш шабуға мүлдем тыйым салу қарастырылуда

AstanaTV
19.01.2024ж. 17:00
645
Қазақстанда ағаш шабуға мүлдем тыйым салу қарастырылуда

Құрылыс алпауыттары енді ағаштарды кесіп тастап, жай ғана ескертумен құтылып кете алмайды,-деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сарапшылар жайқалып өсіп тұрған ағаштарды жаппай отағандар үшін "ескерту" жасау – дамыған елдердің бірде бірінде жоқ сорақы тірлік екенін алға тартады. Мұны бұрынғы билік бір жағынан, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда қаптатып тұрғын үй кешендерін, әкімшілік ғимараттарды, бизнес нысандарын салып жатқан олигархиялық ірі құрылыс компанияларын жауапкершіліктен құтқару, екінші жағынан тауда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сарай-виллаларын, демалыс базаларын және басқасын тұрғызуды қалайтын байларға жол ашу үшін енгізсе керек.

Енді ел Үкіметі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жаңа өзгерісті қарастырып жатыр. Атап айтқанда, Парламентке аталған кодекстің "Жасыл екпелерді күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу" аталатын 386-бабынан "әкімшілік ықпал ету шарасы ретінде ескерту жасауды" алып тастау ұсынылады.

Сонда ағаш отаушыларға бірден айыппұл салынады. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі айыппұл санкцияларының сомасы өспей, өзгеріссіз қалатынын мәлім етті. Яғни, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК (2024 жылы 221 520 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (369 200 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (1 107 600 теңге) айыппұл салынады.

Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалия Омарованың түсіндіруінше, бұл проблема халықтың денсаулығы үшін де, өмір сүруге қолайлы орта құру үшін де, сондай-ақ экология үшін де өзекті.

"Өйткені жасыл көшеттер көлеңке түзеді, ауаны тазартады және салқындатады, кеңістікті безендіреді, құстардың, жәндіктердің, кейбір жануарлардың мекені қызметін атқарады. Белең алған жаһандық жылыну, урбанизация, көлік трафигінің өсуі және ауа сапасының нашарлауы жағдайында мегаполистегі көгалдандыру стратегиялық мәнге ие. Қазіргі қолданылып жүрген "ескерту" түрiндегi ықпал ету шарасы өзiнiң тиiмсiздiгiн дәлелдедi. Себебі, бұл заң бұзушылық шаруашылық мәселелердi шешу үшін бiр рет жасалады. Мысалы, әлдебір нысанның ауданын кеңейту үшін айналасындағы ағаштар лезде жойылады. Бұзушылықты қайталап жасаудың қажеті де болмайды", – деді сарапшы.

Яғни, "енді қайтып жасама" деп ескерту – сайқымазақ тірлік.

Экологтар, тәуелсіз сарапшылар дамыған елдердің үлгісімен бұдан да қатал шаралар енгізуді ұсынуда. Мысалы, Еуропаның лидері – Германияда нақты бір айлар аралығын қамтитын мораторийді енгізіп отыру тәжірибесі бар. Жыл сайын 1 наурыз бен 1 қазан аралығында ағаш кесуге тыйым салынады. Табиғатын аялай білетін немістер осы арқылы ағаштарға ұя салатын барлық құстарды қорғайды.

Жалпы, ГФР-да ағаш атаулы заң жүзінде ерекше қорғауға ие. Германияда ағаш кесу – ұзақ, сергелдеңі көп бюрократиялық процесс. Ал оны сақтамай, өз бетінше ағашты құлата салғандар үлкен көлемдегі айыппұлдармен жазаланады: сомасы 25 мыңнан 50 мың еуроға дейін жетеді. Жергілікті билік органдарына тіпті кесуге рұқсат етілген ағаштың көлемі мен биіктігін қосымша анықтауға құқық берілген. Мысалы, Берлинде қалыңдығы 80 сантиметрден және биіктігі 1,3 метрден асатын ағаштар кесуге жатпайды.

Нәтижесінде, өсіп тұрған алып бәйтеректердің діңі сауда орталығының, өзге де нысанның шатырын "жарып" өтіп, өсіп тұрғанын байқауға болады. Ол ағаш қурағанша нысан ішінде тұра береді. Жеке саяжайлар мен коттедждердегі қожайынның өзі отырғызған ағашты да биліктің рұқсатынсыз сұлатуға жол берілмейді.

Ірі құрылыс мақсатында ағаштарды шабуға құзырлы органдардың рұқсаты алынғанымен, құрылыс компаниясы экологиялық шығынды өтеуге: белгіленген басқа жерде ағаш егуге немесе сол үшін ақы төлеуге міндетті. Осының арқасында Германияда ағаш егу әрқашан трендте: қалалары, дорфтары (ауылдар) жасыл желекке бөленіп тұрады.

Бұл неміс еліне аптап ыстықта көшедегі жұрт саялап, тынығатын көлеңкелерді және олар тыныстайтын оттегіні қамтамасыз етеді. Сонымен бірге ағаштар климаттың өзгеруі салдарынан соңғы жылдары жиілеп кеткен су тасқындарына да, жердің опырылуына да тосқауыл болады. Германия тарихында тұрғын үй не сауда ойын-сауық орталығын салу үшін бірде бір парк жойылмаған!

Қазақстан үлгісін зерделеп жатқан тағы бір елде – Францияда ағаштар заңмен қорғалған. Қалалық жоспарлау кодексіне сәйкес ормандар, саябақтар, оқшауланған ағаштар мен плантациялар "сақталуы, қорғалуы немесе құрылуы қажет кеңістік" деген мәртебе иеленген. Нәтижесінде, егер жобасы соларды жоюды қарастыратын болса, онда ағаштар орналасқан жерге қатысты құрылыс жүргізу өтініштерін мақұлдаудан автоматты түрде бас тартылады.

Қаптаған әскери полигондар, Семей, Азғыр, Капустин Яр сияқты кеңестік ядролық сынақ алаңдары, тұзы түтеп ұшқан Арал теңізі, улы шаңы бұрқыраған уран және басқа кен орындары сияқты экологиялық апаттардан төтенше зардап шеккен, оның үстіне орманы да тым аз Қазақстан әр ағашына "жалғызындай" қарап, аялап сақтауға тиіс еді. Ондай мәдениет қалыптаспаған.

Мысалы, масқара болғанда, таяуда, Алматының "Дарабоз" ықшамауданында бірнеше мың ағаштарды отап тастаған Qazaq Stroy мұны елге арналған қызмет пен игілік ретінде ұсынуға тырысты. Құрылыс компаниясы басшысының пікірінше, ағашы кесілген жер телімінде жабайы жас өскіндер қаулап өсіп тұрған, қоқыстар жайрап жатқан, яғни "қауіпсіз емес" болған.

Мыңдаған ағаштың жойылуы жергілікті жұртшылықтың наразылығын туғызды. Бұған жауап берген Qazaq Stroy басшысы Болат Ибрагимұлы жақын маңдағы тұрғын үйлердің тұрғындарымен келіссөздер мен жүздесулер жүргізгендерін алға тартты. Сонда халық ол жердің қоқысқа батып, қаңғыбас иттер айналсоқтайтын орынға айналып бара жатқанына алаңдапты-мыс.

Осылайша, дамыған елдерде әрбір ағаш мемлекеттің қорғауында болса, Қазақстанда ағаш "қауіпті орын" деп бағаланады. Компания қаладағы осы шағын орманнан босатқан жерге тұрғын үй кешенін, көп деңгейлі паркингін салады. Оның басшысы шағын саябақ пен "ит серуендетуге арналған аумақты" қарастыруға уәде етті.

Qazaq Stroy 2 797 ағашты шабуға рұқсат алыпты. Тек 182 ағашты ғана тамырымен қазып алып, басқа жерге отырғызады. Олар өзге телімді жерсіне ме, әлде әдеттегідей қурап қала ма, белгісіз. Жалпы алғанда, компания аталған аумақтан 2 979 ағашты жойды. Әкімдік оған қалада 27 970 компенсациялық көшет отырғызуды тапсырыпты.

Ендеше елде ағаштарды жою жалғасуда. Бұл процесс бассыз кетіп, бейберекет сипат алмауы үшін заңнаманы қатайта беру қалады.

Ресми статистика бойынша ағашты заңсыз кесуге қатысты құқық бұзушылықтар саны 2019 жылмен салыстырғанда, кейінгі жылда 2,4 есеге өсті. Оның 90%-ында "ескерту" қолданылатындықтан, заң бұзушы субъектілер жаза тартпайды. Бұл қоршаған ортаға қамқор тұрғындардың ашынысын туғызады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің есебіне сәйкес, Қазақстанда жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау ережелерін бұзғаны үшін біраз іс тіркеледі. Алайда көбінде заң бұзушылар ескерту ғана алады.

2019 жылы – 1 566 әкімшілік іс тіркеліп, оның 1 461-інде ескерту берілген;

2020 жылы – 2 370 әкімшілік іс тіркелген, оның 2 098-інде ескерту ғана жасалған;

2021 жылы – 3 008 әкімшілік іс тіркелген, оның 2 630-ы ескерту;

2022 жылы – 3 720 әкімшілік іс тіркелген, оның 3 383-і ескертумен шектелді.

Ұлттық экономика министрлігі "жасыл қордың", яғни ағаштардың және өзге өсімдіктердің түрлі себеппен жойылатынына назар аудартты. Қазақстан қалаларын ретсіз құрылыс жаулады. Жыл сайын жүзеге асырылатын жол мен тротуар төсеу, құбыр-коммуникацияларды жөндеу және ауыстыру және басқа да іс-шаралар ұқыпсыз жүргізіліп, ағаштар мен бұталардың тамырларына зақым келтіріледі.

Өсімдіктерге шабуылдайтын түрлі аурулар мен зиянкестер қатары да өсіп барады. Сондай-ақ жекелеген бизнесмендер "маңдайшам, жарнамам көрінбейді" деген сылтаумен, немесе келушілердің көліктеріне арналған автотұрақты жабдықтау, ғимаратын кеңейту үшін айналадағы ағаштардан құтылуға асық тұрады.

Соңғы бес жылда Астана аумағында 12 034 ағаш кесілді. Ал елорданың жері құнарсыз, тастақ келеді, онда бір көшетті өсіріп, өркен жайғызу – үлкен ғылым мен біліктілікті талап етеді. Елорда әкімдігінің мәліметінше, ағаштардың оталуына негізгі себеп – қарқын алған құрылыс жұмыстары.

Қазақстанда табиғатқа шын жаны ашитын, жаны күйетін экобелсенді болу – азаппен тең, мерзімінен бұрын шашы ағарып, жүйкесі жұқарары сөзсіз.