$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қытайда халық саны азайып барады

AstanaTV
22.01.2024ж. 00:23
1818
Қытайда халық саны азайып барады

Қытайда халық саны азайып келеді. Елде жасы алпыстан асқандар көбейген. Олардың қатары 2035 жылы 400 миллионға жетуі мүмкін. Сарапшылардың пайымынша, бұдан жұмыс күші кеміп, әлеуметтік шығын көбейеді. Сөйтіп, экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиындайды,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.

Қытайдың Ұлттық статистика бюросының жаңа дерегінше, былтыр ел халқы 2 миллионға азайып, 1 миллиард 409 миллионға жеткен. Бұл – арғы жылғыдан екі есе артық кему. 2022 жылы Қытай жұртының саны 850 мың адамға төмендепті. Кейбір тұрғындардың пікірінше, экономикалық жағдай жақсарған сайын үйленетіндер мен перзент сүйгісі келетіндер азая бермек.

Чжан Чжуо, IT маманы:

Меніңше, халық саны экономика өскен сайын төмендей береді. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұдан қашып құтыла алмаймыз. Себебі өмір сүру стандарттары жоғарылаған қоғамда бала үшін жауапкершілік алғысы келетіндер аз болады. Бұл – менің жеке пікірім.

Қытай халқы 2022 жылы соңғы алпыс жылда алғаш рет азайғаны белгілі болды. Зерттеушілердің пайымынша, бұған экономиканың болашағына сенімсіздік, бала туатын жастағы әйелдердің азаюы, баланы оқытып, қатарға қосу құнының қымбаттығы себеп. Қытай өткен ғасырда қабылданған «бір бала» саясатынан 2015 жылы бас тартып, 2021-де үш балалы болуға рұқсат берді. Бірақ одан туу көрсеткіші жақсармай тұр.

Ван Лань, педагог:

Бүгінгі балалық шақ оқумен өтіп жатыр. Бұдан жас ұрпақ зорығып кетпей ме? Жеткіншектер бала болып қуана алмайды. Мұның бәрін көрген ата-ана әрине балалы болғысы келмейді.

Соңғы мәліметке қарағанда, Қытайда жасы 60-тағылар мен одан асқандар 280 миллионға жетіп қалған. 2035-те бұл жастағылар 400 миллионнан кем болмауы мүмкін. Себебі денсаулық сақтау жүйесі жақсарып келеді. Демек, зейнеткерлерді асырауға келешекте көп қаржы қаже-т болады. Ал сол шығынды жабатын экономикалық өсімді қамтамасыз етуі тиіс жастар болса, жыл өткен сайын азайып барады.