Елімізде 3 мыңға жуық педагог жетіспейді. Әсіресе, математика мен орыс тілі пәні мұғалімдері тапшы. Тіпті, кей мектептерде басшысы жоқ. Алақандай ғана Тараздың өзінде 60 білім ошағына директор табылмай тұр. Бас қала -Астананың өзінде үш ағарту мекемесі жетекшіге жарымаған. Сонда елімізде басшы мәртебесіне лайық ұстаздар жоқ па? Аружан Задабек тақырыпты тарқатады.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Елімізде 8 мыңға жуық мектеп бар. Оның 5 мыңнан астамы ауылда, қалған 3 мыңға жуығы қалада орналасқан. Бұл білім ошақтарында, шамамен, 350 мың педагог жұмыс істейді. Тағы 2817 мұғалімге тапшылық байқалады. Нақтырақ, қалаға – 1312, ауылға – 1505 маман қажет.
Ұстаз мәселесі Астанада да өзекті. Елордада 5 мың оқытушының орны бос тұр. Үш мектепте директор жоқ.
Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Елордада 365 544 баланы қамтып отырған 757 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 525 балабақша, 172 мектеп, 32 колледж, 11 қосымша білім беру ұйымы және 15 арнайы білім беру ұйымы қызмет етіп жатыр. 2023 жылы білім беру ұйымдарының 102 нысаны қосылды.
Ал Жамбыл облысында 498 мектеп бар, соның 59-ның басшысы жоқ. Жауаптылардан себебін сұрап едік, ауылдық жерге директор болып ешкім барғысы келмейді, -деді. Өңірде ұстаздарды тестілеуден өткізетін мекеме жұмысы да тоқтаған. Білім басқармасының да қазір басшысы жоқ.
Мұхит НЫСАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Директордың бос орнына қызығушылық үміткерлерді онша татпайды, ол жерге барғысы жоқ. Мойынқұм, Сарысу, Байзақтың түп жағындағы анау шалғай ауылдарында бос орындар көп. Конкурс жұмыстары қазіргі кезде қаңтар айының аяғына біз жоспарлап отырмыз.
Елімізде математатика, орыс тілі мен әдебиеті, физика және бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Қазіқ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаздарды табу қиын. Бұл – министрліктің мәліметі.
Мұндайда «шын мәнінде осылай ма?» деген сұрақ туындайды. Өйткені қазір педагог мамандығын аяқтап, жұмыссыз жүрген жас көп. Оған дәлел – Қымбат Абдалимова. Ол былтыр оқу бітірген. Жұмыс жоқ дейді. Талай есікті қаққанымен, орын жоқ деп қайтарып жібереді. Ал Қымбаттың мамандығы қазір тапшылық тізімінде тұр.
Қымбат АБДАЛИМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Оқуға түсер жылы бізге айтты филология мамандығын таңдасаңдар, барлық мүмкіндік ашылады, қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі де бола аласыңдар, басқа да мамандық иесі бола аласыңдар деген болатын. Бірақ, өкінішке орай, өз мамандығымыз бойынша жұмысқа тұра алмаймыз. Қай жерге барып сұрасаң да, «жоқ қазақ тілі әдебиет пәнінің мұғалімі керек жоқ» деп отказ беріп жатыр.
Биыл Қымбат секілді тағы 55 мың студент педагог мамандығын аяқтайды. Министрлік оларға үлкен мүмкіндік бар,-дейді. Өйткені қазір мұғалімдерді қабылдау ережесіне өзгеріс енген. Енді жоғары оқу орынын үздік бітіргендер конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ жұмысқа қабылданады.