Несие де мұра. Қайтыс болған адамның бар жиған-тергені өсиет арқылы немесе 6 айдан соң ең жақын туыстарына қалады. Заң бойынша несиесі мен қарыздары сол адамның мойнына жүктеледі. Ал одан қалай бас тартуға болады? Оның жолдары қандай? Сұрақтарға тілшіміз жауап іздеді.
Есімін айтудан бас тартқан тұрғынның отбасына 2019 жылы салық органынан хат келген. Онда қайтыс болған әкесінің көлігіне 12 жылдан соң салықтық берешегі бар екені жазылған. Әрі-бері заңгерлердің көмегіне жүгінген отбасы 2007 жылы мұрагер деп танылып қойғандықтан, салықты төлеуге мәжбүр болыпты.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Әкем қайтқанда атында көлігі бар болатын. Бірақ біз оны 2007 жылы сатып жібергенбіз. Сатып алған адам атына аударып алмаған, тек құжаттарын алып кеткен. Бірнеше жылдар өткеннен кейін салық төленсін деп, 113 мың салық төлеуге мәжбірледі. Анам қазақилыққа салынып, несие алып, соны төледік.
Қазір біздің кейіпкеріміз секілді өмірден өткен жақынының қарызын немесе несиесін төлеп жүргендер жетерлік. Олар мұрагерлікке қалған кредитке ары қарай пайыз қосылмауын қадағалау қажет. Себебі несие алушы қайтыс болса, барлық несиелік міндеттелелер тоқтатылады, дейді мамандар.
Мұхамед БАҒДАТҰЛЫ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ БАС МАМАНЫ:
6 ай уақыт беріледі. Ол мұра мысалға автоматты түрде жақын туыстарына қалуы мүмкін. Не болмаса ол арнайы бір өсиет ретін қалдырады. Сол өсиетпен қалады. Ескеру керек бізде жылжымайтын автокөлік бар, түрлі мүліктің түрлері бар. Сонымен қатар несие, кредит дейміз, ипотека, барлығы осы мұрагерлік жолмен мұрагерге өтеді.
Мұраны алу не алмауды адамның өзі шешеді. Егер адам мұрагерліктен бас тартса, онда қарызды да төлемейді.
Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
Мұрагерлер қайтыс болушы адамның мүлкін қабылдаған жағдайда сол қабылдаған мүлкінің мөлшеріне сәйкес мұрагер жаңағы банктің алдында қарызы болса, сол қарыздарды өтеуге тиісті. Ал егер қабылдамаған жағдайда мұндай қарыздар заң бойынша қысқартылуға жатады.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мүлікті қабылдамас бұрын оның бағасы банк алдындағы берешекті жаба ала ма? Егер несиені жабуға толық жетсе, мұраны қабылдаған дұрыс. Ал егер қарыз мүлік бағасынан асып тұрса, бас тартқан абзал. Ең алдымен мұраға қалған дүниенің құнын біліп, оны есептеп алған жөн, дейді мамандар.