Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

«Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты», - Президент

22.01.2024ж. 20:00
476
«Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты», - Президент

Кәмелетке толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс 22 процентке өскен. Бұл- құр сөз, құрғақ статистика емес. Елімізде бала тағдыры, шынымен, өзекті тақырыпқа айналды. Мұны Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтты. Бұдан бөлек, жиында Мемлекет басшысы есірткімен күрес жұмысын қатаңдатуды тапсырып, бірқатар өзекті мәселелер жөнінде нақты тапсырма берді.

Құқықтық сауаттың төмен болуы еліміздің дамуын тежейді. Мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Вандализм – соның айқын көрінісі. Қазір жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегінен кетті. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын жазба көп. Сондықтан Президент жастардың құқықтық сауатын арттыру маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты.

Коғамда заң бұзуға еті үйренген азаматтар бар. Олармен жүйелі жұмыс жүргізу керек. Қылмыспен күресіп қана қоймай, оны туындататын әрекеттерге қарсы тұру – маңызды. Бірақ елде жағдайды алдын алатын шаралар тиімді жүргізіліп жатыр деп айту қиын. Оны мойындау керек. Сондықтан жүйені жаңарту – бірінші кезектегі мәселе.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет.

Нақты жүйенің жоқтығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне де әсер еткен. Мәселенің бары анық. Енді шешім қабылдау керек. Президент Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізіледі, -деді. Ол үшін Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Иә, құзырлылар жұмысына өзгеріс артық болмас. Полиция алдымен, халыққа өнеге бере алуы тиіс. Сонда ғана жұрт оған сенеді, қорған көреді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Президент жиында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Оның да өз себебі бар. Қоғамда балаларға қатысты қылмыс көбейген. Оны азайтудың бір ғана жолы бар. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу. Ол үшін түрлі үйірмелер жұмысын жандандыру маңызды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал.

Президент бала тағдыры тақырыбына талай тоқталды. Есірткі мәселесі бойынша да бірнеше рет тапсырма берді. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Салдарынан жастар арасында нашаға тәуелділік белең алды. Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – Президенттің сөзі. Бірақ алдымен абақтыда отырудың мәні не екенін ұққан жөн. Темір тор – айыптыны жазалайтын орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуы тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмауымыз керек. Әсіресе олардың нағыз ерлік істерін, жұмысын лайықты бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады. Бірақ талап бар. Аттестация біреуден есе қайтарудың құралына айналмауы тиіс. Мақсат –біліксіз және жұмысына адал емес басшыларды жұмыстан босату, кәсіби кадр резервін жасақтау.