Табиғи апат тосыннан. Кешегі жер сілкінісін ешкім күтпегені анық. Көшеге сөмкесіз, тіпті киімсіз шыққан халықты көріп, осыны аңғаруға болады. Дүмпу 30 секунд ішінде болғанымен, ол қайталануы мүмкін. Жұрт оған дайын болуы керек. Сонымен, жер сілкінісі кезінде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек және нендей қателікті қайталауға болмайды? Аружан Задабек айтады.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Егер сіз ғимараттың шайқалғанын, шамдардың теңселгенін, ыдыс-аяқтың қозғалғанын көрсеңіз тыныштық сақтаңыз! Әрине бұл сөз күлкілі естілуі мүмкін. Бірақ осы сәтте сырттағы шуды естісеңіз де сабырға келу -маңызды.
Өзіңізбен бірге қол сөмкеңізді ала шығыңыз. Оның ішінде құжаттарыңызды салыңыз. Су мен жарық шам алуды да ұмытпаңыз.
Қауіпсіз жерде қорғаныңыз. Үй ішінде сізді қорғайтын орын - осындай есіктің бағанасы. Бөлменің бұрышына да тұруға болады. Сіз үшін үстелдің асты да қауіпсіз. Ал балкон мен терезеге жақындамаңыз! Әйнек атаулысының жанына, тіпті, жолауға болмайды. Айтпақшы сіріңкені мүлде қолданбаңыз. Бұл жарылысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Үйден шығарда, мүмкіндігінше, суды, газды, электр қуатын өшіріп кетіңіз.
Бұл – аз қабатты және жер үйде тұратын тұрғындарға арналған. Егер сіз жер сілкінісі кезінде биік ғимарат ішінде болсаңыз, сыртқа бірден шығуға кеңес бермейміз. Дүмпудің тоқтағанын күтіп, содан кейін ғана әрекетке көшу керек. Әдетте бұл процесс 20-30 секундқа созылады.
Ғимараттан баспалдақ арқылы шығу керек. Мұндай кезде лифт пайдалануды ойланбай-ақ та қойыңыз.
Көшеге шыққаннан кейін ғимараттардан, бағаналар мен қоршаулардан алыс жүріңіз. Барынша осындай ашық жерде болуға тырысыңыз. Қарт адамдарға, балаларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетуді ұмытпаңыз!
Ал егер сіз көліктің ішінде болсаңыз, қауіпсіз жерге тоқтап, дүмпу басылғанша сыртқа шықпаңыз! Немесе автобус жүргізушісі болсаңыз, барлық есігін ашып қоюға тырысыңыз.
Әрине, біз қазір қараусыз қалған үйді түсіріп тұрмыз. Бірақ егер сіз жер сілкінісі кезінде дәл осылай үйінді астында қалып қалсаңыз, алдымен өз-өзіңізге медициналық көмек көрсетуге тырысыңыз. Барынша осылай қолыңыз жетіп тұрған құралдармен ыңғайлы орын жасаңыз. Байбаламға жол жоқ. Күшіңізді құртпаңыз, мұндай сәтте оттегіні дұрыс пайдалану – өте маңызды. Түрлі дыбыстармен өзіңіздің бар екеніңізді білдіріңіз.
Көмектесіңіздер! Көмектесіңіздер! Көмектесіңіздер!
Көмек сұраңыз, міндетті түрде сізге қол ұшын созады.