Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қарағанды облысында Ақбастау ауылының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

24.01.2024ж. 20:00
565
Қарағанды облысында Ақбастау ауылының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

Қарағанды облысы Абай ауданындағы Ақбастау ауылының тұрғындары сығырайған жарықтан әбден мезі болған. Тоқ қайта- қайта сөне береді. Тіпті иен далада үзілген электр сымдарын қосуға тұрғындар ат- көлік іздеп тауып өздері барады екен. Жылдар бойы жергілікті монополист пен әкімдіктердің табалдырығын тоздырғанмен мәселелері шешілмей келеді.

Ақбастау ауылының 6 жүзден астам тұрғыны айына бірнеше күн қараңғы құшағында қалады. Ток күшінің тұрақсыздығынан тұрмыстық техникалар жаппай істен шығып жатыр.

Әлихан ИБРАХИМОВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кешке жақын елдің бәрі тұрмыстық техникаларын қосқан кезде напряжение түсіп кетеді. Менде бір морозильник пен киім жуатын машинам жанып кетті.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

«Ақбастау ауылына ток әкелетін ағаш діңгектер мен электр сымдары иен далада орналасқан. Оның үстіне 60 жыл бойы ауыстырылмаған. Салдарынан қарлы боранды былай қойғанда қарапайым жел мен жаңбырдың өзін көтере алмайды. Ал ауылда жарық кетсе онымен бірге су да, байланыс та үзіледі екен».

Шарасыз жұрттың шамасы жеткендері арзандау генератор сатып алған. Алайда оның өзі жеткліксіз.

Саяхат БАЙҚАТОВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Арзандары үйдің құрылғыларын тартуға қуаттылығы жетпейді. Қуаттылығы жақсылары ол 100 мыңнан жоғарылары ғана жақсы. Міне, жаңа көргендеріңіздей жаңағы жібі үзіледі, бензин де қымбат.

Мәселе даладағы 15 шақырым электр сымын ауыстырса шешілер еді. Алайда ауылды электр тогымен қамтитын «Қарағанды аймақтық энергетикалық компаниясы» жылда қаржы тапшылығын айтып күрделі жөндеуді мардытпай отыр.

Рымбек ТҰЯҚБАЕВ, АҚБАСТАУ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Нақты қайта- қайта үзілетін ең осал жерлер алдағы уақытта жазда жөндеу жүргіземіз деп ойлаймын. Бүгінгі күнде осындай КРЭК ЖШС- іне жаңағы 3 участоктің жоқ дегенде екеуін істеу жөнінде ұсынысымызды айтпақшымыз».

 «Қарағанды аймақтық энергетикалық компаниясы» -ның басшысы арнамызға телефон арқылы берген сұқбатында алдымен ауыл ішіндегі сымдар мен 4 қосалқы бекетті жөндеу жоспары барын жеткізді.

Нұржан ЕЖЕБАЕВ, «ҚАРАҒАНДЫ АЙМАҚТЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫ» ЖШС ЖЕТЕКШІСІ:

4 КПП- ні жөндемей соған арналған ақшаны біз в принципе 35 киливатт- тық линияға бұруымызға болады. Оның бәрін біз мемлекеттік органдармен келістіруіміз керек. Жөндеу жұмыстары бізде апрель, май айында басталады. Соған дейін біз анализ жасап егер мемлекеттік органдар рұқсат берсе біз ақшаны соған бұруға тырысамыз ».

Ақбастаулықтар ауылды көркейтіп, дамытқысы келеді. Тек ол үшін қарапайым жарық, су мен байланысты реттеуді сұрайды. Онсыз елдімекенге медбике, мұғалім, тіпті автобус жүргізушісі де тұрақтамай отыр.