$494.87 €520.65 ₽4.91
×

“Қабырға құлап кете ме деп қорқамыз ”,- Алматы облысының тұрғыны

AstanaTV
24.01.2024ж. 20:00
717
“Қабырға құлап кете ме деп қорқамыз ”,- Алматы облысының тұрғыны

“Қабырғалар жарылып, үйіміз құлайын деп тұр”. Алматы облысында үйлерінің жанына автокөлік көпірі салынған тұрғындардың әбден мазасы қашқан. Күні-түні жүретін жөндеу жұмыстарынан баспаналарының іргетасы шытынап кеткен. “Үйлеріңіз бұзылады” деп уәде еткен әкімдік мәселені шешуге асығар емес. Тұрғындардың жан айқайын Әйкерім Пернебек тыңдады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Темір жолдың іргесіндегі 4 үйдің қабырғасы сөгіліп, құлауға шақ тұр. Мына көпірдің құрылысы басталғанда баспаналар қызыл сызықтың үстінде қалып қойған. Төрт жыл бұрын тұрғындар үйлері бұзылады деген хабар алған. Бірақ одан кейін жан баласы іздеп келмеген.

Нұрғали ҚАСЫМОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдің бәрін арестке қойып қойды. Мына мостты жасап жатқан кезде жерді ояды ғой бізде, ойған кезде мына 35 метр жерді қазады, бұрғылаған кезде үйде бізде күнде землятресение болады. Барлығын шақырдық акимат келді, земельный келді. Келіп бізге керегі жоқ енді дейді. Ол сонда қалай? Халықты алдап отыр ма?

70-і еңсерген кейуана Зәуреш Боранбаеваның үйінің қабырғалары әр жерден сөгіліп тұр, қанша от жақсаң да, жылымайды. Бір жағында көпір, бір жағында темір жол. Жарық бағаналары құлап, жиі жарықсыз қалады.

Зәуреш БОРАНБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

 20 жылы мына жерден мост түсті мінекей, мост түскенде кезде мына үйде біз отыра алмадық. Мынаны тескен кезде енді үй қимылдап тұрады. Үйлеріміздің бәрі қақ жарылып, қазір көмір жағамыз. Үй ысымайды.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы бұл баспаналардың жағдайынан хабардар. Алайда көпір құрылысы басталғанда маңындағы 29 үйді жобаға қосып, 4 баспананы елеусіз қалдырып кеткен.

Темірлан ТІЛЕУҒАЗИН, ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Төрт үйді апатты жағдайды екенін көз жеткіздік, ҚазАвтоЖолмен алдында жиналыс жасағанбыз. Барлығын көрді. Алдағы аптада біз қазір ҚазАвтоЖолға хат жолдаймыз, бұл үйлерді шешу мәселесін айқындап жазып беруін сұраймыз.

Әкімдіктегілердің айтуынша, барлық жұмыс “ҚазАвтоЖол” компаниясының келісіміне қарап тұр.

Әдіс СЕЙДАХМАТОВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мен сөйлескен кезде олар айтқан тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатыр, қазір олар пока ешқандай нәтижесі жоқ. Бірақ олар айтқан осы мына бір айдың ішінде ұсынысты жібереді бізге.

Демек, бұл 4 үйдің тағдыры әзірге белгісіз. Тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.