Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«Қазинвестбанк» 8 мың салымшысына 20 млрд теңге берешек

AstanaTV
28.12.2016ж. 20:00
2831
«Қазинвестбанк» 8 мың салымшысына 20 млрд теңге берешек

«Қазинвестбанкке» 8 мыңнан астам салымшы қаржысын сеніп тапсырғаны белгілі болды. Бүгін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қаржы институтының тұтынушыларын тағы да алаңдамауға шақырды. Ал Ұлттық банк «Қазинвестбанктің» әлсіреуіне оның қаржы саласындағы саясаты мен тәуекелдерге немқұрайлы қарауы себеп болған деп мәлімдеді. Енді банк салымшыларға 20 млрд теңге қайтарып беруі тиіс. Толығырақ Ришат Асқарбекұлы айтып береді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Банк қаржылық операциялар ішінде «несие беру» саясатын әлсіретіп алған. Заңды тұлғалар үшін кредит беру кезінде кепілзатқа және борышкердің төлем қабылетіне мән бермеген. Осының салдарынан «Қазинвестбанк» үлестірілген қаражаттың едәуір бөлігін қайтара алмаған. Бүгін Ұлттық банк өкілдері осылай деп мәлімдеді. Десе де оның астарында қаржылық алаяқтық әрекеттер бар-жоғын да жіті тексермекші.  

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Біз бұл мәселенің ақ-ақарсын алдағы күндері анықтап, арнайы пресс-релиз тарататын боламыз. Банктің лицензиясынан айырылуына не себеп болғаны сол жерде толық көрсетілетін болады. Әзірше ештеңе айта алмаймын.

Басты қаржы реттеуші мекеменің мәліметінше, «Қазинвестбанктің» шығыны шамамен 30 млрд теңгеге жуықтаған. Ал салымшылар алдындағы қаражаттың көлемі 20 млрд теңге. Бұл Қазақстандағы жалпы банктердің қаржы айналымындағы сомманың небәрі 0,7 пайызына тең. Демек, оның өзге банктердің қаржылық операцияларына келтіретін зияны болмайды, дейді Ұлттық банк мамандары.

Әнуар Ізбасаров, ҚР ҰБ банк қызметін қадағалау департаменті жетекшісінің орынбасары:

Банктің ары қарай жұмыс істетуі қауіпті болды. Сондықтан Ұлттық банк ондай тәуекелге бармастан, қаржы институтының лицензиясын кері алу туралы шешім қабылдады. Банк 50-ден астам төлем түрін орындауды кейінге қалдырып, 230 млн теңгеге жуық төлемді өтей алмаған.  

Кеше депозитерге кепілдк беру қоры қаржыны қайтарудың тәртібін түсіндірген болатын. Бүгін қор мамандары бірінші жеке тұлғалар үшін салымдардың қайтарылатынын, сосын ғана заңды тұлғалар кепілдендірілген қордан қаржы алатынын мәлімдеді. Бұл операцияларды орындайтын агент-банк әлі таңдалмаған. Жақын күндері «Қазинвестбанкті» жою туралы соттан соң, 14 күн өткенде тұтынушылар арыз жазуға құқылы.

Куанышбек Әбжанов, Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қоры төрағасының орынбасары:

Қазіргі таңда біздің қорда банктер банкротқа ұшыраған жағдайда салымшылар үшін қарастырылған қаражат көлемі 500 млрд теңгеге жуықтайды. Сондықтан аталған банктің салымшылары қаражатсыз қалмайды. Тек қаржыны таратып беретін агент-банк белгіленген соң, салымшыларға БАҚ арқылы хабарлайтын боламыз. Кепілдендірілген төлем заң аясында барлық салымшыға беріледі. 

«Қазинвестбанк» 1993 жылы «Қазинтербанк» деген атаумен тіркеліп, Орталық Азиядағы алғашқы инвестициялық банк ретінде жұмысын бастаған. Ал екі жылдан соң Қазақстан Үкіметі бұл шетелдік банкті сатып алып, кейін жекешелендірілген. Ал 2008 жылы банктің жаңа қожайындары оның қаржылық қызмет көрсету түрлерін ұлғайтып, жаңа деңгейге көтерген. Биыл жыл басында банк 326 млрд теңге актив қорымен екінші деңгейлі банктер арасында 20-шы орынға тұрақтаған. Ал желтоқсан айында оның активтері бірден 118 млрд теңгеге құлдырап, Ұлттық Банктен көмек сұрауға мәжбүр болыпты.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ