Майқайыңдағы алтын шахтасына құлап, табылмай жатқан құтқарушылардың туыстары көріпкел шақырды. Ол апат орнына арнайы келіп, автобустың болжалды орнын айтқан. Оның сөзінше, бақсыға екі адамның да елесі көрінген. Құтқарушыларға шұңқырдағы қызғылт түсті жерді қазуды өтініпті. Қазір оқиға орнында іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айгүл, КӨРІПКЕЛ:
Мен кенет кетіп барамын. Өзімнің көзқарасымды оларға айттым. Бұл - жерден сөмкені алып көтере салатын нәрсе емес қой. Менің ойымша бүгін түнге дейін үлгерсе үлгереді, үлгермесе ертең ол жер туралы еститін боламыз. Себебі, оны көрсеткендей болдым. Екі адам да маған көрінді. Сол мен көрсеткен жерден табылады деп үміттенемін. Мен бара жатқанда-ақ маған аруақтар аян берді. Барған соң шұңқырдан қызғылт түсті көресің, сол жерде жатыр деді. Мен барғанда қызғылт түсті аумақты көрдім. Қазір сол жерді қазып жатыр.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ешқандай бақсы шақырмағандарын хабарлады. Ал көріпкелді жоғалған адамның туыстары алдыртқанын растады. Бірақ, іздеу жұмыстары бақсы айтқан жерден емес, георадардың көмегімен жасалынып жатқанын жеткізді.
Олег ТРЕЩЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір құтқарушылар экскаватордың қазуына кедергі келтіріп тұрған үлкен тасты арнайы құралдың көмегімен алуда. Тастың салмағы шамамен 5 тонна болады. Іздеу құтқару жұмыстары өте ауыр жағдайда жүргізілуде. Топырақтың сырғуы және опырылу қаупі басым. Ал автобус жатқан жерді құрылғының көмегімен анықтауға тырысып жатырмыз.