Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жамбыл облысындағы ауылдық амбулатория ит асырайтын орынға айналды

AstanaTV
28.12.2016ж. 20:00
2474
Жамбыл облысындағы ауылдық амбулатория ит асырайтын орынға айналды

Ауылдық амбулатория ит асырайтын орынға айналды. Жамбыл облысына қарасты Қарабастау ауылының халқы осылай деп шу шығарды. Айтуларынша, жергілікті дәрігерлік бекетке жауапты аға дәрігер қаңғысбас иттерді қамқорлығына алған. Ал дәрігерлік нысанның бір жанынан ит қора салыпты. Данияр Әлімқұлдың бейнематериалы.

Данияр Әлімқұл, тілші:


Бұл зообақ емес, кәнігі ауылдық амбулатория. Айналасы антисанитария! Жайрап жатқан сүйек-саяқ пен өлексе қалдықтары қолқаны қабады. Өйткені, көріп тұрғанымыздай, медициналық мекеменің бір бұрышы қаңғыбас иттердің қорасына айналған. Ауылдықтар болса, 4 жылдан бері төбеттер титықтатып бітті дейді.

Ауылға жауапты атқамінер де дәрігердің әрекетін тиюға дәрменсіз екендерін айтады.

Нұрзулла Лұқманов, Билікөл ауылдық округі аппаратының бөлімше басшысы:

Шара қолданатын біз емес. Енді көрініс жақсы емес, жақсы емес, тура денсаулық сақтау ведомствосының мекемесі ғой. Бір қора соғып, 10 шақты ит асыраған жақсы емес. Сүйек те жатыр, жаман қалдықтар да жатыр.

Алайда, ақ халатты азаматша тілшілерге төбеттерін көрсетуге тиым салды. Алпысты алқымдап қалған аға дәрігер бұл әрекетін жануарларға жаны ашитындығымен түсіндірді. Өзінің иттерден басқа ешкімі жоқ екен. Сондықтан қаңғыбас иттерді қамқорлығына алған.

Анна  Гладких, Жуалы ауданы «Билікөл» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:

Бәрі 1-2 итті асыраудан басталды. Елдер күшіктер әкеп тастады. Адамдардың өзі кінәлі, олар мұнда тастамау керек еді. Бұлар үйсіз иттер. Мен оларды панама алдым. Тамақтандырамын. Бағып-қағамын. Айналасын тазалап тұрамын. Қазір сегіз итім бар. 

Ал, Жуалыдан жедел жеткен ауданға жауапты бас дәрігер болса, бұл жағдайдан бейхабар емес. Алайда, сұхбат беруге ат тонын ала қашты.

Ал Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар, жалғыз басты дәрігерге сол амбулаторияның екі бөлмесі пәтер ретінде берілген, ауласында ит асырауы ешқандай заңға қайшы келмейтінін, айтты.

Марат Жұманқұлов, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Жалғыз дәрігер болғаннан кейін, жалғыз өзі тұрғаннан кейін өзінің қауіпсіздігін ойлап, иттерін асыраған болатын. Қоныстанып жатқан бөлмелері дәрігерлік амбулаторияның басқа жағында, яғни бос тұрған жағында. Ол дәрігерлік амбулаторияның қызметіне, науқастардың келуіне ешқандай кедергі жасамайды. Егер де ол ережеге ешқандай қайшы келмесе, онда ол әр азаматтың заң шеңберінде өзінің құқығы.

Басқарама басшылығы, екі күнде бәрін тексереміз, деп сендірді. Вакцинация жүргізуді де қолға алмақ. Ал үй жануарын ұстау ережелері бұзылған болса, төбеттерінің көзін құртамыз деп отыр.