Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Комиссия апатқа 7 адамды күдікті деп таныды

AstanaTV
26.01.2024ж. 15:23
688
Комиссия апатқа 7 адамды күдікті деп таныды

«Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия нәтижелерін жариялады.

Арнайы комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді. Комиссия құтқарушылардың топтық қайғылы жағдайына әкеп соқтырған оқиға бойынша 7 тұлғаны жауапты деп танып отыр.

Аталған кезең ішінде ҚР Төтенше жағдай министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, тергеуге 4 сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей Федерациясының сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғалары арасында сауалнама жүргізді. Сонымен қатар, комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеді.

«Жан-жақты тергеу жүргізе отырып, комиссия тау-кен массасының құлауы салдарынан орын алған топтық жазатайым оқиғаның себептері ретінде келесілерді атайды:

- Жұмыс өндірісі қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырылған;

- Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмаған;

- Блоктарды өңдеу кезінде қазбалардың құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмаған деген қорытындыға келді.

тергеу

Сонымен қатар, бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмегені, жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігінің бос жерлердің құлау ықтималдылығы бар екендігі назарға алынбағаны анықталды.

Осының салдарынан кенеттен тау массасы құлап, жазатайым оқиға орын алған.

–Тергеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралатын болады,-деп хабарлады ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Андасов.

Лауазымды тұлғаның айтуынша, бұдан басқа, тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады.

Құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары да әзірленеді.

апат

Комиссия шешімі бойынша, топтық жазатайым оқиғаның орын алуына кінәлі ретінде 7 адам жауапты деп танылып отыр.

Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

Апат болған жерде авариялық-құтқару жұмыстары оқиға болған сәттен бастап демалыс күндерінсіз жүргізілуде. Топырақты геологиялық сканерлеу жұмысы мерзімді уақытта жүргізілуде. Жұмыстар өте қиын жағдайларда жалғасып жатыр. Тау жыныстарының құлау қаупі және пайда болған шұңқырдың астында бос кеңістіктер бар.