Елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 мыңға жуық бала бар. Оның басым көпшілігі – диагнозы бар ауру балалар немесе жасөспірімдер мен ағайындылар. Азаматтардың көбі 3 жасқа дейінгі дені сау сәбилерді бауырына басқысы келеді, - дейді мамандар. Ал ағайындыларды заң бойынша ажыратуға болмайды. Бәрін бірге қабылдауы тиіс. Бала асырап алам деушілерге тағы қандай талаптар қойылады? Тілші Айсәуле Съезбек білді.
Гүлнәр Мықбасова үш жыл бұрын барлық талапқа сай келіп, 5 жасар Константинді асырап алған. Балалардың деректер қорына кіргенде, ұлымның суретіне жүрегім жіпсіз байланды, - дейді ол. Қазақша «Қайсар» деп есім берген
Гүлнәр МЫҚБАСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Балалар үйіне барған кезде адам ана баланы көреді де, сіз бірден түсінесіз де таңдау жасайсыз. Көзінен-ақ мұң тұр да балалардың. Еріп кетесің ана жерде. Сондықтан жасы, ұлты, діні деген маңызды емес деп ойлаймын. Ең бастысы жақсы азамат қылып өсіру. Балалар үйінде бір бала кем болсын, толық отбасында өссін, махаббатта, қамқорлықта өссін деген ниет болу керек тек қана.
Қазақстанда баланы отбасына қабылдаудың 4 түрлі формасы бар. Ол – асырап алу, қамқоршылық-қорғаншылық ету, патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы. Бала асырап алуға ниет еткендер алдымен 3,5 айлық курстан өтеді. Сертификат алған соң, денсаулығы жақсы, үй-жайы, айлық-табысы бар екенін растайды. Әрі нарко, психодиспансерден және соттылығы жоқ деген анықтама өткізеді. Өкінішке қарай, мекемелердегі ата-анаға мұқтаж балалардың көбінің диагнозы бар.
Фарида РАХМЕТОВА, ҰЛТТЫҚ БАЛА АСЫРАП АЛУ АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Осы статистиканы көре отырып, тағы бір жобаны іске қостық. Диагнозы бар балаларды отбасына қабылдаған отбасыларға көмек беру. Баланың реабилитация, коррекциялық жұмыстарының бәрін қаржыландыру. Екіншіден, егер ота жасалу керек болса балаға, отаны қаржыландыру. Және 10 АЕК ретінде көмек түрі бар. Яғни, айма-ай. Ол баланың қажеттілігіне жұмсалады.
Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен азаматтар соңғы 8 жылда 1858 баланы асырап алған. Өкініштісі, оның 111-ін тауар секілді кері қайтарыпты. Агенттік 10 жылда жаңа туған баласын тастамақ болған 6 мыңға жуық әйелді «Ана үйі» ресурстық-орталығына паналатқан. Психологиялық, материалдық көмек көрсетіп, райларынан қайтарды. Нәтижесінде, сәбилер үйінде қазір тастанды нәресте жоқтың қасы.