Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Сенат биылғы жұмысын қорытындылады

AstanaTV
29.12.2016ж. 20:00
2851
Сенат биылғы жұмысын қорытындылады

2017 жыл Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі күшейетін жыл болмақ. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. "Депутаттар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейтін маңызды заң жобаларымен жұмысты жалғастырады", - деді төраға. Әріптестерінің бұл міндетті мінсіз әрі кәсіби тұрғыда атқаратынына сенім білдірді. Бүгін  жоғарғы палата биылғы жұмысын қорытындылап, бірқатар құжаттарды бекітті.

Мемлекеттік дамудың жаңа сатысына көшу жағдайында Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту керек. Президент Тәуелсіздік мерекесіне арналған жиында осы мәселені күн тәртібіне қойған. Сенат төрағасының сөзінше, алдағы жылы мәселе жан-жақты зерделеніп, тиісті заңдарға өзгерту енгізу бойынша ұсыныстар әзірленбек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Сенаторлар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейтін маңызды заң жобаларымен жұмысты кәсіби тұрғыдан жүргізетініне мен кәміл сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың 2016 жылды оң нәтижелермен аяқтағанын жеткізді. Бұл жыл Тәуелсіздікті нығайту жолындағы белестерді бағындырған мерейлі жыл болды,- деді. Үкіметпен тығыз байланыста жұмыстар атқарылып, 57 заң қабылданған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Еліміздің сыртқы саяси бастамаларын қолдау шеңберінде шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән берілді.

Соңғы 10 жылда Иран елінде біздің бір азамат абақтыға тоғытылған. Кейін ол рақымшылыққа ілікті. Ал Қазақстанда ирандық 5 азамат істі болған. Мұндай мәліметтерді  Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель келтірді. Сенат «Қазақстан мен Иран арасындағы сотталғандарды беру келісімін ратификациялады. Меркельдің айтуынша, Иранмен екіжақты қарым-қатынас жыл өткен сайын дамып келеді. Отандастарымыздың бұл елге сапарлауы жиілеген. Биыл 350-ден астам азамат Иранға барса, Қазақстанға 2 жарым мыңдай ирандық келген.

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Қазіргі кезде Иранда сотталған азаматтарымыз жоқ. Алайда олардың алдағы уақытта болмайтынына  ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан біздің мемлекет отандастарымызды шетелде қорғау үшін құқықтық тетіктерді қарастыруы тиіс.

Сенат сондай-ақ Қазақстан мен Словения арасында қосарланған салық салуды болдырмау конвенциясын ратификациялады. Словенияда жұмыс істейтін қазақстандықтардың салықты қай елге төлейтіні реттеледі. Салықтан жалтаруды болдырмауға, өзара экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашылады. Соңғы он жылда бұл елмен арадағы тауар айналымы 1 миллиард 23 миллион долларға жеткен. Ал Словениядан тартылған инвестиция 16 миллион долларға жуық. Депутаттар инвесторларға салынатын салықтың көлемі жайлы да сұрады.

Бекмырза Еламанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Шетелдік инвесторлар үшін көптеген салықтық жеңілдіктер қарастырып, заңманалық негізде бекітілген. Осындай жеңілдіктер Словенияда бар ма?

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Словения жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер арасына кірмейді, өйткені ол елде бізге қарағанда салық жоғары, мысалы, корпоративті салық 17 пайыз, жеке тұлғаларға салынатын салық 16-50 пайыз аралығында.

Осылайша Сенат биылғы жылдағы соңғы отырысын өткізіп,өз жұмысын қорытындылады. Ал қаңтарда депутаттар өңірлерге сапарлайды. Парламент қабылдаған заңдарды халыққа жан-жақты насихаттау жұмысын  жүргізеді. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА