Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жедел жәрдем жүргізушісі хайп үшін таяққа жығылуы мүмкін бе?

29.01.2024ж. 20:00
565
Жедел жәрдем жүргізушісі хайп үшін таяққа жығылуы мүмкін бе?

Қарағанды қаласында жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдікті бірнеше күннен бері табылмай жатыр. Нұрболат Дәкебаевтың фотосуреті барлық жерлерге жарияланып, ілінді. Бірақ ізім-қайым жоқ. Күдікті көпқабатты үйлердің біріне шақыртумен келген 103 қызметкеріне жол бермедің деп балағаттап, жұдырықтап қашып кеткен болатын.

Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан сәтті фельдшер телефонына түсіріп алыпты. Медицина қызметкерлері түн ортасында 1 жастағы балаға көмек көрсетуге көпқабатты тұрғын үйге кірген. Сол сәтте жүргізуші сыртта болған. Күдікті қоқыс тастауға шығып, тар жерде 103 көлігіне жанап өткен. Үстін былғап алғаны үшін балағат сөздер айтқан. Жүргізуші көліктен түсіп, жағдайды түсіндірмек болған. Алайда ыза кернеген ер адам оны жұдырықтай жөнелген.

Төреғали БЕРІКҚАЛИҰЛЫ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

«Түннің бір уағында ерігіп жүрген жоқпыз ғой, годовалый бір жастағы бала ауырып жатыр,-деймін. Вообще түсініп тұрған жоқ. Сен көріп тұрсың мен келе жатқанымды, дейді. Сен маған жол бермей тұрсың, дейді. Мен айтам, сен жаяу жүрсің ғой брат деп, ол вообще тыңдаған жа жоқ . Резко ұрып ұрып дальше кетіп қалды. Не істерімді білмей қалдым кәдімгі».

Көзі қарауытып тұрып қалған Төреғалиға әріптестері келесі бригаданы шақырып ауруханаға жеткізген. Жігіттің миы шайқалып, мұрын сүйектері сынып, бет- аузы мен кеудесі жарақаттанған. Әлі емделіп жатыр. Жапа шегуші 29 жаста, қалада белгілі блогер. 103 қызметіне қатысты қызықты контент жасайды. Әлеуметтік желілерде ол төбелесті әдейі шығарды, деген қауесет тараған. Алайда ол жалған болып шықты. Төреғалиді соққыға жығып қашып кеткен ер адам Нұрболат Дәкебаев деген Шымкент қаласының тұрғыны. 37 жаста. Оған қатысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Фотосуреті барлық дәріхана, ірі сауда үйлері мен аулаларға ілінді. Полиция оны бірнеше күннен бері іздеуде. Бүгін таңертең Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл істің ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.

Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Медицина қызметкерлері сияқты маңызды салада жұмыс істейтін азаматтарға қатысты кез келген озбырлық заңмен жазаланады. Мен әріптестеріме жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар қолдануды, қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдарымен өзара бірлесіп әрекет ету жағын қарастыруды тапсырдым.

Денсаулық сақтау жүйесінің кәсіподақ ұйымының басшылығы соққыға жығылған жүргізушіге құқықтық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Шақыруға барған медицина қызметкерлеріне шабуыл жиі жасалады. Сондықтан тиісті кәсіподақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін полицейлердікі секілді көтеріп, ал оларға қол көтергендерге жазаны қатайтуды сұрайды. Бұл туралы депутаттар мен денсаулық сақтау министрлігіне ашық хат жолдады.

Сұлтан МЕДЕУБАЕВ, ««SENIM» ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ САЛАЛЫҚ КӘСІПТІК ОДАҒЫ» РҚБ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл статус берілсе мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие болады. Екінші жағынан медицина қызметкерлеріне қатысты құқық бұзушылық әрекеттерге қатысты қылмыстық жауапкершілік заңмен бекітіледі. Жаза күшейтілсе мүмкін шабуылдар азаятын шығар.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Айта кетейік, Қарағандыда осы айда жедел жәрдем қызметкерлері екінші рет соққыға жығылып отыр. Облыста 3 жылда оларға 8 рет шабуыл жасалған. Құқық қорғаушылар заңды күшейтпейінше мұндай қылмыстар азаймайды деп отыр. Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят сотқарларды қатаң жазалауды талап етіп әлеуметтік желіде жазба жариялады.