Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Солтүстік Қазақстан облысында электрпойыздар тоқтамақ

AstanaTV
29.12.2016ж. 20:00
2455
Солтүстік Қазақстан облысында электрпойыздар тоқтамақ

Петропавлда қала маңайындағы елді мекендер мен облыс орталығының арасында темір жол қатынасы үзілуі мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қызмет көрсетіп жүрген «Ресей темір жолы» акционерлік қоғамы кентаралық 2 бағытта жолаушы тасымалдаудан бас тартты. Тұрғындар күнделікті қатынас көлігінен қағыламыз ба деп алаңдайды. Мәселенің мән-жайына аймақтағы тілшіміз үңіліп көрді.

Күнде таңертен-кешке «Есілкөл» мен «Петухово» бағыттары бойынша қатынап жүрген электрпойыз барлығы 15 ауылды қамтиды. Мыңдаған жұмысшы мен студенттер күнде таңертең қалаға ағылады. Көліктің тоқтайтынын естіген тұрғындардың көңілі алаң.

Нұргүл Макишева:

Арзан ғой енді электричка деген. Осылай автобуспен жете алмайсың. Осындай арзан болғасын, жетеді ғой адамдар. Сол үшін жіберсін бәрібір. Ол жеңіл болады адамдарға.

Гүлжанат Төлеуова:

Осы Петропавл қаласында универститте оқимыз. Біз осында қалаға электричкамен бірге келеміз. Бірақ ертеңнен бастап электричкаларды жабайын деп жатыр. Бұнда автобусқа мінесін. Онда адамдар көп болады. Күн суық. Біз тоңамыз. Және де сабаққа уақытылы жетпейміз. Бізде сабақ ертерек басталады, 8.30-да. Үлгермей қаламыз. Электричканы жапқаны студенттерге өте қолайсыз жағдай деп ойлаймын.

Мәселен, Асаново ауылының өзінде темір жолды пайдаланатын 200-ден астам жолаушы бар. Тұрғындар азанда шығатын электрпойызы ыңғайлы, дейді. Ал автобустың ішкі жағдайы мен бағасы жұрттың көңілінен шықпайды екен. Тығырыққа тірелген бұқара мәселесін арқалап, өңір жетекшісінің қоғамдық қабылдауына барды.

Наталья Ратушная, Асаново ауылының тұрғыны:

Билеттің құны 208 теңге. Бірақ бақылаушы тек 100 теңге ғана алады. Ал кейде тіпті 68 теңгенің билетін береді. Бұл бізге тиімді.

Электропойыздардың кентаралық қатынасын осы уақытқа дейін жергілікті әкімдік субсидиялап келген. Алайда, «Ресей темір жолы» бұны бәрібір тиімсіз деп санап, айналдырған екі бағытты жабуға бекініп отыр. Билік өкілдері енді 15 ауылдың жолаушыларын «Қазақстан темір жолы» компаниясы арқылы тасымалдамақ. Бірақ жергілікті бюджетке салмақ түспеу үшін, электрпойызы бұдан былай күніне 2 рет емес, 1-ақ рет жүретін болады.

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы:

Есілкөл, Петухово бағыттарында электропойыздар сол қалпында қалады. Бірақ баратын уақыты шамалы өзгереді. Енді автобустарды жұмсаймыз. Сол Петухово, Есілкөл жақтарына қарай. Енді сол мынау жұмысты әрқашанда бақылауда ұстаймыз.

Сонымен, билік өкілдері көлік тапшылығын автобустарды жіберу арқылы шешпек. Қоғамдық көлік жолаушылар ағынын көтере алмай жатса, қосымша автобустар қосылады, деп шенеуніктер уәде береді.

Абзал ҚҰРМАНКИН