Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ауыр жүк көліктері тексерілді

AstanaTV
30.01.2024ж. 22:36
1125
Ауыр жүк көліктері тексерілді

Тасжолдардың тез тосуына ауыр жүк көліктерінің де әсері бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Статистикалық мәліметтер бойынша Атырау облысында асфальттың 35% -ы ауыр жүк көліктерінің салдарынан жарамсыз болып қалады екен. Бұл туралы «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының баспасөз өкілі Ләззат Өтепова мәлім етті. Сондықтан жол сапасын сақтау мақсатында жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. Кезекті акция ҚР Көлік министрлігіне қарасты бірнеше мекеме өкілдерінің қатысуымен өтті. Бірлескен іс-шараға Атырау облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы, облыстық полиция департаменті, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ, және «ҚазАвтоЖол»ҰҚ АОФ, өкілдері қатысты.

«Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы /Астрахань бағыты/» республикалық жолының 573-ші шақырымы, Қарабатан елді мекені маңындағы демалыс алаңында ұйымдастырылған «Жолда қабылдау» акциясы кезінде «Жалпы пайдаланымдағы республикалық маңызға ие жолдарда автокөлік қозғалысын ұйымдастыру туралы» бұйрық түсіндірілді және 10-ға жуық жүк көлігінің салмағы тексерілді, дейді «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ МЕ технигі Арман Рахымжанов.

Ал, Атырау облысы Көлік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Әнуар Бисалиевтің айтуынша, акция кезінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша көлік иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 590-бабы 8-бөлімімен әкімшілік іс жасақталып, 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Жалпы, өткен жылы инспекцияның жылжымалы көлік бақылау бекеттерінде 5483 автокөлік тексерілген. Оның 981-і отандық, 4503-і шетелдік көлік. Тексеріс кезінде 1737 заң бұзушылық анықталып, 79 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 25 млн. теңгеге жуығы жүк салмағын асыра тасымалдаған ауыр жүк көліктеріне тиесілі», деді Ә.Бисалиев.

Айта кетейік, Атырау облысы 5-ші климаттық аймаққа жататындықтан, яғни су тасқыны ерте басталатын болғандықтан 1-наурыз бен 1-сәуір аралығында облыс аумағындағы республикалық маңызға ие жолдарда автокөлік қозғалысына көктемгі шектеулер енгізіледі. Шектеуге сәйкес, жүк көліктерінің салмағы 1 білікке 8 тоннадан асырмау көзделген.