$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Бір шақырым жол салуға 380 млн теңге кетеді

31.01.2024ж. 20:00
1017
Бір шақырым жол салуға 380 млн теңге кетеді

Темір тұлпарың болмаса тірлігің өнбейді. Елімізде 5 млн 300 мың көлік бар. Егер 100 адамға шақсақ 22 жеке көліктен келеді. Бірақ олардың жүретін жолы да тақтайдай түзу емес. Ұлттық сапа орталығы жаңа төселген жолдардан 40 мың сынама алған. Оның 37 проценті талапқа сай келмеді. Осы және өзге де ақпараттар "ЭКОНОМИКА" топтамасында.

Елімізде 4 млн 600 мың жеңіл автокөлік, 519 мың жүк көлігі, 110 мың автобус бар. Оның 608 мыңы Алматыда жүр. Ал 378 мыңы Елордада. Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында көлік саны аз екен. Көпшілік 1500-ден 2000 кубтық автокөліктерді таңдайды. Мұндай қозғалтқышпен 2млн 100 мың көлік бар. 2000 кубтан 2500 кубқа дейінгі 830 мың темір тұлпар тіркелген. Бірақ автокөлік паркі оңып тұрған жоқ. 46,5 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асып кеткен. Қаңқасын әрең сүйретіп жүргендері көп.

«1 шақырым жол салсаң ақшаның астында қаласың». Мұндай сөздерді сіз де естіген шығарсыз. Бір шақырым жол салуға 380 млн теңге кетеді екен. Бұл соммаға жобалаудан бастап жабдықтау, асфальт төсеу, жолақтарын сызу секілді процестер кіреді. Мамандар жолға бөлінетін ақша азайса, сапасыз жол көбейіп, нарыққа ірі компанияларды тартпайды дейді. Өткен жылы 358 км жол пайдалануға берілген. Осылайша, Республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы үш есе ұлғайды. Бұған бюджеттен 136,7 млрд теңге жұмсалған. Төселген асфальттың талапқа сай келмегені де жетерлік. Оны жасаған мердігерлерге 58 млн теңге айыппұл салған. Кәсіпкерлер ақау анықталған жерлерді қайта қайта қалпына келтірген. Оған өз қалтасынан 4,1 млрд теңге жұмсаған.

Серік АРОН, "ЖОЛ АКТИВТЕРІ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ" ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

Республикалық желіде 10 мыңға жуық жол құрылысының сынамасы, жергілікті жерлерде 30 мың сынама алынған болса, оның 37 пайызы нормативтік талапқа сай емес деп танылды. 4687 ақау анықталып, қазіргі таңда 2474 пайызы, яғни 53 пайызы қайта қалпына келтірілді.

Алматыда өмір сүру үшін қалтаңыз қалың болуы керек. Numbeo порталының рейтингі бойынша ару қала Орталық Азиядағы ең қымбат шаһарлардың көшін бастады. Ол жалға берілетін тұрғын үй бағасы, азық-түлік секілді факторларды ескере отырып жасалған. Ал жаһандық статистикада Алматы 270-ші орында. Ал Елорда 289-шы орынға жайғасқан. Көш басында -Бермудтың Гамильтон қаласы. Швейцарияның Цюрих мен Базель қалалары үздік үштікке кіреді. Ал Пәкістанның Лахор мен Карачи қалалары соңғы орында.