Маңғыстауда орта ғасырдан қалған тарихи қорымдар аумағына адам жерлеу тыйылмай тұр. Сол себепті Маңғыстау облысының тәрихи-мәдени қорығының мамандары дабыл қағып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау мемлекеттік мәдени-қорығының директоры Нұрлан Құлбай мемлекет қорғауына алынған ескерткіштердің қоршауы болса да мәйіт жерлеп, құрылыс салатындар заңды пысқырмайтынын айтады.
- Жаңадан салынған тамдар ескерткіштің бұрынғы, ескі көрінісіне нұқсан келтіріп тұр. Мысалы Қалипан қорымы XIV-XV ғасырдың ескерткіштері. Сол себепті мемлекеттің қарауына алынған. Ал оның ішіне мәйіт жерлеп, жаңа там салу қорғау аймағының заңдылығын бұзғаны, - дейді Маңғыстау мемлекеттік мәдени-қорығының директоры Нұрлан Құлбай.
Бүгінде Маңғыстау облысында 600-ге жуық тарихи және мәдени ескерткiш мемлекеттiк қорғауға алынған. Оның жиырмасында республикалық мәртебе бар. Мамандар дың сөзінше 13 мыңнан астам ескерткіштің дара төлқұжаты бар. Заң бойынша мемлекеттік қорғаудағы мәдени қорымдарға мәйіт жерлеуге, құрылыс салуға рұқсат жоқ дейді олар. Десе де «ата-бабам осында жерленген» деп, қорым қараушыларының сөзін елемей, туыстарын жерлеп жатқандар азаймай тұр екен.
- Бұл мемлекет қарауындағы қорым болғаннан кейін бұл жерде адам жерлеуге рұқсат етілмейді. Не болмаса «мұнда менің ата-бабам жатыр , мен белгі қоямын» дегендерге рұқсат жоқ. Сол ережені кейбіреулер ескермей, жерлеп кетіп жатыр. Сол үшін қазір соттасып жатырмыз. Қорғау аймағына кімдер жерленіп кеткенін таба алмай жатырмыз. Соны қазір біз полиция қызметкерлеріне тапсырып қойдық, - дейді «Қошқар ата» қорымының қараушысы Тұрғанбек Дүйсекеш.
Бұл күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды дейді мамандар. Өйткені заңды пысқырмайтындар 30 мың теңгеден аспайтын айыппұлмен құтылып жатқанын айтады. Сол себепті «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңына өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
- Сондықтан біздің заңдылықтарға өзгеріс жасау қажет. Үлкен сомадағы айыппұлды көбейту керек сияқты. Өйткені, бұл біздің күн тәртібімізден түспейтін мәселе. Әкімдіктер ескі қорым жанынан 100-200 м қашықтан жер телімін бөліп, адам жерлейтін жер белгілесе, қандай құрылыс болса да сала берсін. Бірақ мемлекет қарауына алған ескерткіштердің қорғау аймағының ішіне қоюға болмайды, - дейді Нұрлан Құлбай.
Айта кетейік жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстау облысының аумағында қола дәуірінен бастап ғұндар мен оғыздардың да құнды ескерткіштері бар. Тас дәуiрiндегі елдi мекендердің орны, қола дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi сынды тарихи мұралар шоғырланған. Түрік фильмдеріндегі танымал Ертұғырыл мен Алып Арыстанның Селчук империясы Маңғыстаудан басталады дейді ғалымдар. Сол себепті бұл өлкені «ашық аспан астындағы мұражай» деп атап кеткен.