Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Калифорнияда дауыл соғып, су тасқыны болады деп ескерту жасалды

01.02.2024ж. 20:00
377
Калифорнияда дауыл соғып, су тасқыны болады деп ескерту жасалды

Әлемнің біраз елі су тапшылығының зардабын тартып отыр. Мәселен Колумбияда климат өзгеріп, ормандар отқа оранды. Тіпті бір жылға төтенше жағдай жариялады. 27 миллион халқы бар Мехико қаласы да тіршілік нәрінен тарығуда. Ашынған халық ереуілге шықты. Шартараптың соңғы жаңалықтарын әріптесім Сүндет Оралбек айтсын.

Калифорнияда дауыл соғып, су тасқыны болуы мүмкін. Кей аймақтарда жойқын жел мен қар аралас жаңбыр жауады деп күтілуде. Бірнеше елдімекен жарықсыз қалып, ғимараттар құлайды деген болжам бар. Жергілікті ауа райы қызметі 20 миллион тұрғынға ескерту хабарламаларын жіберген. Төтенше жағдайларды басқару кеңсесі қызметкерлері мен жабдықтарын қауіпті аймақтарға жеткізген. Тұрғындар да қолдарынан келгенше үйлерінің бұзылмауы үшін әрекет етуде. Оларға көршілес қалалар көмек беріп жатыр.

Скотт ВЕБЕР, ЕРІКТІ:

"Бізде Сан-Диегода бірнеше жергілікті мердігерлер бар, олар бізге көптеген материалдар, құм және т.б. заттар берді. Мен таңғы сағат бестен бері осындамын, қаптарды құмға толтырдым, ал аудан тұрғындары көмекке мұқтаж.

Колумбияда құрғақшылықтан күн көру қиындап барады. Елде бірнеше айдан бері аптап ыстық. Оған Эль-Ниньо климаттық құбылысы әсер еткен. Салдарынан ормандар отқа оранды. Қарашадан бері 17 мың гектар жасыл алқапты қызыл жалын шарпыды. 31 орман өртінің тек тоғызы ғана бақылауға алынған. Ел президенті Густаво Петро Эль-Ниньо климаттық құбылысқа қатысты бір жылдық төтенше жағдай енгізді. Егер жағдай одан сайын қиындай түссе, билік БҰҰ-нан көмек сұрамақ.

Хайро ВИЛЛАМИЛЬ, «ЛА РЕГАДЕРА» СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ КҮЗЕТШІСІ:

Біз өте қатты құрғақшылық кезеңін бастан өткеріп жатырмыз. Эль-Ниньо құбылысының жетілу кезеңіндеміз. Он төрт жыл бұрын біз бастан кешкен жаз сияқты ауыр кезең. Біз судың таусылып жатқанын білуіміз керек.

Мексикада да су тапшы. Ел астанасы Мехикода тұрғындар бірнеше апта бойы тіршілік нәрінсіз күн көруде. Ірі бассейндер мен су қоймаларында тіршілік нәрі таусылуға таяу. Мамандар бұған климаттың өзгеруі мен жауын шашынның аз жаууы себеп дейді. Ашынған халық ереуілге шықты. Ұлттық су комиссиясы кеңсесінің терезелерін сындырып, есіктерін бұзбақ болған.