$516.93 €542.52 ₽4.98
×

Алматы облысында АИТВ инфекциясынан көз жұмған баланың ата-анасы ем қабылдаудан бас тартқан

01.02.2024ж. 20:00
687
Алматы облысында АИТВ инфекциясынан көз жұмған баланың ата-анасы ем қабылдаудан бас тартқан

Алматы облысында АИТВ жұқтырған 9 жасар бала жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бүтін бір отбасы мүшелері 2016 жылдан бері ЖИТС орталығында есепте тұрған көрінеді. Алайда баланың ата-анасы өздерінде қауіпті инфекциясының болуын жоққа шығарып, дәрі-дәрмек қабылдаудан бас тартқан. Тіпті, жеткіншектің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскен сәтте де оның АИТВ-статусын жасырып, ЖИТС орталығының дәрігерлеріне айтпаған. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, бала ауыр иммундық тапшылығы фонында сепсис пен пневмониядан қайтыс болды. Бұған дейін дәрігерлер Қарасай ауданының прокуратурасына, ювеналдық полицияға және білім бөліміне осы жағдай бойынша хабарлаған.

АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖИТС-НЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАРСЫ КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫ:

Екі баланы 3-6 айға отбасынан алып, дәрі тағайындау үшін былтыр кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия құрылды. Алайда ата-аналардың үзілді-кесілді бас тартуынан кейін комиссия балаларды отбасынан алуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта екінші бала мен анасы 2024 жылдың 26 қаңтарында амбулаторлық жағдайда вирусқа қарсы ем қабылдауды бастады. Әкесі емдеуден бас тартуды жалғастыруда. Заңда АИТВ-инфекциясын мәжбүрлеп емдеу қарастырылмаған.