Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Ала таяқсыз» қалған сақшылар тақырыбы қоғамда пікірталас тудырды

AstanaTV
04.01.2017ж. 20:00
3098
«Ала таяқсыз» қалған сақшылар тақырыбы қоғамда пікірталас тудырды

Полицейлер қолмен белгі беру арқылы жүргізушіні тоқтата алады. Тек ерекше жағдайлар орын алған кезде ғана. Мәселен, жол-көлік оқиғасы немесе көлік кептелісі болса, шұғыл іздестіру кезінде немесе стационарлық бекеттерде жол партрульдік полицейлер көлікті қолмен тоқтатуға құқылы. Ішкі істер министрлігінің өкілдері осы мәселеге қатысты нақты түсінік берді. Ал қолданысқа енген жаңашылдыққа сай "ала таяқсыз" қалған сақшылардың әрекеті қоғамда пікірталас тудырып үлгерді. Айбек Қосан мән-жайды білуге тырысты.

1 қаңтардан бастап  Қазақстанның жол-патрульдік полицейлері ала таяқтарын тастап, жол  ережесін бұзғандарды тек автопатруль арқылы ғана тоқтатуға көшіп отыр. Бұл жаңашылдықтың көшедегі қозғалысты тиімді реттеуге қаншалықты оң әсері бар? Біз көлік жүргізушілерінің өзгерістерге қатысты пікірін біліп көрдік.

Еуропа - ол Еуропа. Қазақстан бөлек мемлекет қой. Өзіндік талаптары мен заңдары болуы керек. Сондықтан бұл дұрыс емес деп есептеймін. Тіпті тоқтатқан күннің өзінде алдымен ескерту жасамай ма? Кеше, мысалы, алды да айыппұл салып тастады менің танысыма.

Бұл дұрыс бастама. Мен Германия, Чехияда болдым. Ол жақта жолда полиция тұрмайды. Бізде де алып тастау керек. Уақыт өте үйренеміз. Насихат жұмыстарын көбейту керек.

Айналдырған 4 күннің ішінде аталған өзгеріс халықты екіге жарды. Бірі бұл жаңашылдықтан үзілді-кесілді бас тарту керек десе, екіншілері қолдап әлек. Ал көпшілік қауым әлі толық түсініп үлгермеген "ала таяқ" тақырыбын әлеуметтік желідегі белсенділер күлкіге айналдырды.

Арнайы таяқшаларды алып тастау туралы шешімге бүкіл жерлерде фото және бейнетіркеудің енгізілуі ықпал етіп отыр. Көліктерді тоқтату енді патрульдік машиналарда орналасқан арнайы дыбыс және жарық белгілері арқылы іске асырылады. Бұл жаяу патруль жұмыссыз қалады деген сөз емес. Олар көлікті тоқтатпаса да, қоғамдық тәртіпке жауап береді,-дейді ІІМ өкілі.

Еркін Мүсілімов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі жаяу, бұрынғы пеший патруль дейміз ғой. Олар енді құқық бұзушылық орын алса, жедел қызметке хабар беріп, патрульдік автокөлік шақыртып, содан кейін хаттама толтырта алады. Ал өздігімен бұрынғыдай таяқша, қолмен көтеріп автокөліктерді тоқтатпайтын болады.

Айта кетерлігі, бұл өзгерісті жүргізушілер тұрмақ, қызметкерлердің өзі әлі толық түсінбеген сыңайлы. Мәселен, Ақтөбеде жергілікті полиция қызметкері көлікті қол созып тоқтатқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны жайлы ақпар тарады. Министрлік өкілінің айтуынша, полицейлер жол-көлік оқиғасы немесе көлік кептелісі болса, шұғыл іздестіру кезінде немесе стационарлық бекеттерде ғана  жүргізушіні қол белгісімен тоқтатуға құқылы.

Айбек Қосан, тілші:

Қысқасы, жол пол мен жүргізушілердің наразылығын қатар тудырған еуропалық жаңашылдық, осылайша, енгізілмей жатып, елдің назарына ілікті. Көпшіліктің талқысына түсіп, әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа айналған алатаяқтың әбігері жақын күндері басыла қоюы екіталай. Қазірдің өзінде Мәжілістің кей депутаттары, Ішкі істер министрлігі арнайы таяқшаларды қызметкерлерге қайтарып беруі мүмкін, деген пікірін де білдіріп қалды.