$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ел аумағында бірнеше күн жауған қалың қар тұрғындарды әбігерге салды

AstanaTV
04.01.2017ж. 20:00
3029
Ел аумағында бірнеше күн жауған қалың қар тұрғындарды әбігерге салды

Мереке қарсаңында тынбай жауған қалың қар бірқатар облыстарды әбігерге салды. Көлік қозғалысы қиындап, жаяу жүргіншілердің де жүйкесі сыр берді. Тұрғындардың пікірінше, бұған коммуналдық қызмет жұмысының мандымай тұрғандығы себеп. Ал билік өкілдері коммуналды шаруашылыққа қарасты техникалар түгел жұмылдырылса да, үлгермей жатырмыз дейді.  Дәуренбек Бақдәулет толығырақ.

Павлодар тұрғындары, қаңтардың 1-нен бері қар тазалайтын техника көрмедік, дейді. Салдарынан аулалар ғана емес, ірі көшелердің өзі толассыз жауған қардың астында қалған. Көлік қозғалысы өз алдына, омбы қардан тіпті жаяу адамның өзі жүре алмайды.

-Машинамен жүремін, автобуспен. Бұрылу аулаларда өте қиын.  -Қар көп. Такси кірмейді. Шықпайды.  

Жергілікті билік жағдайдан хабардар. Қаңтардың басында табиғат тосын мінез танытып, үш күнде жауған қар тиісті нормадан асып түсті деп отыр. Айтуларынша, жұмыс күні-түні тынымсыз жүріп жатыр.

Салтанат Әкімбекова, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

Қосымша 80 бірлік техника жұмыс істеуде. Сонымен қатар ішкі квартал аумақтарда қар тазалау жұмыстары өткізілуде. 39 ауданда арнайы техникамен жұмыс істелінген. 

Биылғы қыста Павлодардағы қар тазалау жұмысына екі фирма жауапты. Бұл шаруаға қала бюджетінен 540 млн теңге бөлінген. Тек жағдайдың өзгергені байқалмайды.

Ал бұл Ақмола облысына қарасты Жібек жолы ауылы. Арнамызға хабарласқан тұрғындар қардың әлегінен араша сұрап шырылдаған еді. Мұнда да ауа райы тосын мінез танытып, салдарынан  жағдай ауырлай түскен.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Астанадан не бары 20 шақырым да тұрған осынау үй тұрғындары не жедел жәрдем шақыра алмайды, не балаларын мектепке апара алмайды. Өздері де жұмыстарынан қалып, әбігерге түсуде. Ал көшелерді тазалайтын ешқандай трактор жоқ. Ол керек болса, тұрғындар өздері жалдап алуға мәжбүр.

Ауылда тиісті талапқа сай жол салынбағандықтан, көшелерді жылдам қар басып қалады екен. Тұрғындардың жұмыстан, балалардың сабақтан кешігуіне де осы жағдай себепші болып отыр.

Рая Исмайлова, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

Бүгін міне қалдық қой. Балалар да, бәріміз қалдық азанда. Ана жақта тұрып, жарты жолдан қайтып келдік, шыға алмай. Бір үйден 3 адам жұмыстан қалып отырмыз.

Ауыл әкімінің сөзінше, 16 мыңға жуық адам тұратын ауылда не бары 3 қар тазалайтын техника бар. Жұрттың басым бөлігі Астанада жұмыс істейді, шахарға қатынау маңызды, сондықтан бірінші орталық көшелерге ден қоямыз дейді.

Қайрат Ахмедьяров, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі:

Орталық көшелер қазіргі кезде таза. Қалған көшелерді ауа райы тынған соң міндетті түрде тазалаймыз.

Астананың өзінде де бас ауыртар мәселе көп. Көшелердің қары дұрыс тазаланбай, жүріп тұру қиындаса, аулалардың жайы тіпті бөлек әңгіме. Мұндағы тұрғындар да қар тазалауға келген ешкімді көрмедік дейді.

Наверное,  на левом берегу только чистят, а правый, вообще, забыли, если честно, во дворах. Ну, зависит от КСК.

ПИК-нен өзге қала тазалығына жауапты «Астана тазарту» серіктестігі бар. Алайда жұмыстары қауырт болғандықтан ба, әлде мереке жалғасып жатыр ма - аталмыш мекемеден қандай да бір жауап алу мүмкін болмады.