Қыстың
көзі қырауда Оралдағы саяжай тұрғындары от жағылмайтын үйде тоңып отыр. Олар
мұның себебін үйлеріне газдың уақытылы кіргізілмеуімен байланыстырады. Ал
мердігерлер болса, орын алған қиындыққа тұрғындардың өздері кінәлі, дейді.
Айтуларынша, саяжайда қыстайтын жандар газ өткізуге қажет ақшаны түгел
төлемеген. Сондықтан көгілдір отынның қашан берілетіні белгісіз.
Бақыт
апайдың бар уайымы - кішкентай немересі. Азынаған үйде суық тимесін деп
бүлдіршінді көрпе-көпшікпен қымтап әуре.
Бақыт
Ниетқалиева, саяжай тұрғыны:
Газ
өткіземіз дегесін, пешті жөндемеп едік. Енді пеш жақсақ, үйдің іші түтін болып
кетеді. Егер өзім болсам, көк түтін басылғанша, шығып кетер ем, ал кішкентай
бала мен мүгедек шалымды тастап қайда барам?
Еркін
Карин, тілші:
Үйге
газ кіреді деп қуанған тұрғындар қысқы отынын да қамдамаған. Қазір олар осындай
бір ағаш мәшинені 25-30 мың теңгеге сатып алады. Бірақ осындай бейнетпен келген
бұл отынның өзі әрі кетсе 15 күнге жетеді.
Орал
қаласының іргесіндегі сайжайларда 140
отбасы тұрады. Олардың бірқатары газ өткізу ісіне деп жазда 350 мың теңгеден
ақша төлегендерін айтады. Бірақ арада төрт ай өтсе де, уәделі газдан қайыр
болмай тұр дейді.
Айша
Көкенова, саяжай тұрғыны:
Біздер, газ кіргіземіз дегесін, бес баламен айға 30 мыңмен кредит алдық. Кредитіміз
төленіп жатыр ай сайын 30 мыңнан үш жылға. Поддон алып жағып отырмыз, шыны
керек, бір поддонның өзі 500 теңге. Қаншама ақша кетіп жатыр 350 мың теңгенің
үстіне. Ал қайда газдары? Әлі жоқ. Дірдектеп бес бала отыр үйдің ішінде. Үй
деген мұздай бір бөлмеде отырмыз.
Ал
мердігерлер тұрғындардың өздерін кінәлайды. Айтуынша, саяжай иелерінің жинаған
құжаттары дұрыс емес.
Сіздер
қалай документсіз газ кіргізеді деп ойладыңыздар? Договорды алмай, ақша берген
өзіңізден көріңіз.
Мердігердің
сөзінше, саяжайдағы 30 үй ғана газ өткізу үшін тиісті құжатты түгел жинап, қаржысын төлеген. Өзгелері газ құбырларын тартуға жұмсалатын ақшаны толықтай
төлемепті.
Марат
Құрмашев, Орал қаласы "МК газ-шебер" ЖШС директоры:
Ақша
төлемеген тұрғындар тезірек қаржысын берсін деген оймен газды заңсыз болса да,
уақытша қосқан еді. Бірақ құжаттары түгел болмағасын, қайтадан ажыратып
тастадық. Енді бітпей жатқан құжаттары тезірек шешілсе, газды қосып береміз.
Дегенмен
газдың қашан қосылары әлі белгісіз. Оны мердігер мекеме басшысы да дөп басып
айта алмай отыр. Өйткені құжаттарды дайындау үшін, саяжай тұрғындары алдымен
жаппай ақшасын төлеуі шарт екен. Ал оған саяжайды қыстайтын көпбалалы
отбасылардың көбінің шамасы келмей отыр.
Еркін
КАРИН