$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда 100 жастағы теміржолшы тұрады

08.02.2024ж. 20:00
637
Оралда 100 жастағы теміржолшы тұрады

Оралдық теміржолшы Борис Шолубай екі күннен соң 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған қария Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Кейін майдан даласынан оралғасын, бейбіт өмірге белсене араласты. Темір жол саласында ұзақ жыл тер төгіп, еңбегімен танылған ол кезінде жолаушылар пойызын апаттан құтқарып, ерлік жасаған. Өмірі өнегеге толы ардагер туралы келесі материалда.

Жүз жасаған қарияның әр күні осындай жаттығудан басталады. Ұзақ өмір сүрудің құпиясы тынымсыз қозғалыста, дейді ақсақал. Украинада өмірге келген бозбала Борис Башқұртстандағы жаяу әскер училищесіне оқуға түсіп, 43-жылы алдыңғы шептен бір шығады. 2-Украина майданындағы қанды қасапта ауыр жараланыпты. Сол кезде туғандарына оның өлгені туралы қара қағаз екі рет келген екен. Бірақ өңірін орденге толтырып, елге жеңіспен оралған жас сарбаз туғандарын қуантты. Кейін Сәңкібай теміржол разъезінде табан аудармай, қызмет етті.

Борис ШОЛУБАЙ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Темір жолға дейін спорт мектебінің директоры да болғам. Кілең спортшыларды оқыттық. Бірақ мұндай жастарды басқару үшін өзің де оларды мойындатып, сыйластығына лайық болуың керек. Оларға өзім үлгі көрсетіп, ішімдік пен темекіден, қылтың-сылтыңнан аулақ болдым.

Тағдыры темір жолмен өрілген қарияның ғұмыры түрлі естелікке толы. Әскериге тән мұқияттығының арқасында Алматыдан Мәскеуге аттанған жолаушылар пойызын апаттан құтқарып қалған. Бірде өзіне тиесілі аумақты бақылап жүргенде жүк пойызының қасынан әлдебір тарсылды естиді. Бірақ бұл жерге бірнеше минуттан кейін бұл жерге жолаушылар пойызы тоқтауы тиіс екен. Ал рельстің бағыты өзгеріп кеткен.

Борис ШОЛУБАЙ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Разъезд бастығы болу оңай емес. Келіп-кетер пойыздың бәріне жауаптысың. Бірден диспетчерге рельсті дереу ауыстыруды айттым. Пойыз келгенше жолды дайындап үлгірдік. Құдай сақтады. Әйтпесе қырғын болатын еді. Бұл қырағылығым үшін жұмыстан 100 сом сыйақы берген.

Ардагерді бүгін әріптестері құттықтап келді. Қарияның санасы тұнық, сөзі анық. Дойбы мен шахматтан қарсыластарына дес берген емес.

Мағды ТҮГЕЛТАЕВ, «АҚТӨБЕ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІ» ОРАЛ БЕЛГІ БЕРУ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ДИСТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Теміржолшылардың бәрі темірдей тәртіпке бағынатын жауапты мамандар. Біздің Борис Сергеевич те сондай азамат. Біздің саланың жұмысы ауыр. Шойын жолдағы қозғалысқа ауа райының қолайсыздығы да әсер етеді. Бірақ ол кісі осы сыннан сүрінген емес.

Екінші дүниежүзілік соғысқа кезіндегі Орал облысынан 76 мыңнан астам адам аттаныпты. Олардың тең жарымы майдан даласынан оралмады. Бүгінде солардың тек 13-інің көзі тірі.