Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтөбе облысы аумағында 1500-ге жуық көлік екі тәуліктен бері қаңтарылып тұр

08.02.2024ж. 20:00
327
Ақтөбе облысы аумағында 1500-ге жуық көлік екі тәуліктен бері қаңтарылып тұр

Еліміздің бірқатар өңірінде ақтүтек боран. Республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Кей әуе рейстерінің уақыты шегерілді. Соңғы тәулікте төтенше жағдайлар қызметі 22 адамды құтқарған. Жолға шықпақ болған 30 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Ақтөбенің екі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Әрі қарай тілшілер айтады. 

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бүгін Астанада арқадан арқар ауатындай ақтүтек боран. Дәл қазір маған қолыма микрофон алып сөйлеудің өзі қиын болып тұр. Қыс бойы 1-2 келі салмақ тастасам деп армандап едім, бірақ мынандай желде қосқан 2-3 келінің өзі артық болмайтын секілді. Қала маңында мен секілді әбігерге түскен адам көп. Көліктер кептеліп қалды. Адамдардың жүріп-тұруы, тіптен, қиындап кетті... Мына бетім үсіп қалды.

Қолымды бетіме қойған күйі мына боранда менен өзге тағы кім көшеде жүргенін көруге шықтым. Астаналықтарға жылдамдығы 20 метр секундқа жеткен жел әсер етпесе керек, бейқам жүрген халық көп.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

– Мына боранда не істеп жүрсіз?

– Самсаға келе жатырмын. 


– Боранда не істеп жүрсіз?

– Боранда аяқ киім алайын деп кетіп бара жатырмын. Автобустың бәрі тайғақ. Жолдың бәрі тайғақ.

– Аяқ киім ала салып үйге қайтасыз ба?

– Иә, сәл-сәл продукты аламын.


– Жұмыс істеп жүрмін.

– Қандай жұмысқа бара жатсыз?

– Құрылыс.

– Тоңбайсыз ба?

– Жоқ, тон киіп алғанмын. Қазақтар тігетін, теріден істелінген.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қолайсыз күн райы оқушылардың да жоспарын бұзды. Екінші ауысымдағы білім алушылар қашықтан оқиды. Бірақ таңертең оқитындар сабаққа келген. Енді кітап ашқаны сол еді, “боран басталмай үйге қайтындар" деген хабар келді. Және мектеп оқушыларын ата-ана қарауынсыз жіберіп жатқан жоқ.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

– Балаларыңызды алып кетуге келдіңіз ба?

– Иә. Маған қызым звондады. Немеремді алып кетсін деп.

– Ата-анасыз жібермей жатыр екен, иә?

– Иә, жібермейді.


– Айтты ата-анасыз жібермейсіз деп. Сол келе жатырмын кішкентай балам болса да.


– Екі немерем бар.Егіз

– Нешінші сынып?

– 3

Боранның екпіні қатты болғаны соншалық, адамдардың бізге жауап беруге мұршасы болмай жатыр.

Астана әуежайынан ұшатын 7 және ұшып келетін 8 рейс кейінге шегерілді. Қала маңына қатынайтын автобустар да тоқтады. Синоптиктер ертең желдің ұйытқуы 30 метр секундқа дейін жетуі мүмкін, - дейді. Сондықтан әзірге, алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Афродита ПІРІМЖАР, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК ИНЖЕНЕРІ:

Алдағы күндері Қазақстан кезекті Атлантикалық циклонмен байланысты атмосфералық фронттардың әсерін сезінетін болады. Бұлтты және желді ауа-райы күтілуде, еліміздің солтүстігінде желдің екпіні 23-28, кей уақыттарда 30 м/с күшейеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қала маңындағы көлік қозғалысы уақытша шектелді. Қазір республикалық маңызы бар бірқатар автожолдар жабық. Қала ішіндегі тұрғындарға сыртқа шығуға тыйым салынды. Менің қол-аяғым үсімей тұрғанда тізгінді өзіңізге ұсынамын. Менің қазір бетіп үсіп қалды. Сен тоңған жоқсың ба?


Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ақпанның ақтүтек бораны Ақтөбені екінші тәулік әбігерге салып жатыр. Екі ауданда төтенше жағдай жарияланды. Әйтеке би және Хромтау аудандарында әлеуметтік нысандардың шатыры ұшып кетті.

Дәулетияр ТОҒЫЗБАЕВ, ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Кейбір ауылдарда инфрақұрылымдақ мәселер, электр қауытының , газдың судың тоқтап қалу мәселелері орын алды. Әлеуметтік нысандарға келген нұқсанды тез арада жою, жол бойында тұрып қалған көптеген жүк және жеңіл көліктерге жолаушыларына көмек көрсету,барлық аудандық қызметтер мен мекемелер өздерінің жұмыстарын тиісті түрде атқаруда 24 сағат режимге көшті.

Облыстан шығар жолдардың барлығы жабық. Қар құрсауынан үш жүзден астам адам эвакуацияланды. Арасында шетел азаматтары, балалар мен үш жүкті әйел бар. Облыстың сегіз ауданында төрт жүзге жуық адам жылыту бекеттеріне орналастырылған.

Нұрғали ЖҮНІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:

Көріну нулевой видимость дейміз. Соған қарамастан автокөліктерді құтқаруға бара жатқан біздің құтқапрушылар өздері көліктің алдында жаяу жүріп зардап шеккен жолда қалған жандарды құтқаруға сондай жағдайға дейін барды.

Облыс аумағында 1500 жуық көлік екі тәуліктен бері қаңтарылып тұр. Арнайы қызмет өкілдері, еріктілер оларға жанар жағар май, азық-түлік апарып көмек көрсетуде. Екі мыңға жуық тұрғын әлі жарықсыз отыр.

Ержан ЖЕКСЕМБИНОВ, «ЭНЕРГОСИСТЕМА» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Аварияны тез уақытта орнын жандандыру кішкене қиыншылық туғызып отыр. Одан бөлек қала ішінде ауа-райына қарамастан тәулік бойы жұмыс жасап жатырмыз.

Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

 Ақтөбе әуежайы өз штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бірнеше бағыт бойынша ішкі рейстер кешіктірілуде.