Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Баламды өлтірді". Дәрігер жарнамасына сеніп, 2,5 жасар баласынан айырылған әйел жан айқайын жеткізді

AstanaTV
09.02.2024ж. 08:22
826
"Баламды өлтірді". Дәрігер жарнамасына сеніп, 2,5 жасар баласынан айырылған әйел жан айқайын жеткізді

Баласынан айырылған атыраулық Азамат пен Айымгүл "Көреміз" бағдарламасында  баланың өліміне "Қонжық" емханасының дәрігері кінәлі екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

2,5 жасар Мұхаммед ауыр жағдайда өлім құшты. Анасы баласының өліміне "Қонжық" емханасының бас дәрігері Айгерім Асқарқызын кінәлады.

"Айгерім Асқарқызының инстаграм парақшасын көрдім. Ол жүрмеген бала жүріп кетті, сөйлемеген бала сөйлеп кетті деген видеолар салып жүрді. Оған жазған пікірлерді оқып шықтым, көбі жақсы пікірлер жазған. Содан соң үйдегілермен ақылдасып, консультациясына бардық", - дейді Айымгүл.

Алайда дәрігердің емінен кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Баласының аяқ асты қызуы көтеріліп, мазасы қашқан.

"Бізге қырғын препарат берді, бір күнде 8 система саласыңдар деді. Біз оның біреуін алмадық, бірақ бір күнде 7 система алдық. Жалпы дәрінің бәрін 10 күнге жазып берді. Біз тек 4 күн алдық, бесінші күні бала қызулап кетті. Баланың іші қатты, бір көзі ісіп кетті, басы томпайып кетті және бір аяғы тартылып қалды. Демікпе басталды", - дейді Айымгүл.

Содан соң баланың ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Бала бір ай шамасында ауруханада жатқан. Кейін балаға жедел түрде ота жасалған. Күрделі отадан шыққан бала екі күннен соң көз жұмған.

"Жазасын алсын. Біздің қателігімізді басқа ата-аналар қайталамаса екен. Жұмысын тоқтатсын және сотталсын", - дейді Айымгүл.

Баласынан айырылған әкесі дәрігерге қанша қаражат бергенін айтып берді.

"Анализ тапсыртты, басын, бауырын түсіртті. МРТ, ЭКГ, ЭГГ бәріне түстік. Баланың басында киста бар, баланың осындай жағдайға келуі мидан деді. Сол орталықтан системасы мен массажын алдық. Тек консультациясына 200 мың теңге бердік. Ары қарай массаждың бір курсы - 100 мың теңге. Системаның да бір курсы - 100 мың теңге", - дейді Азамат.

Бала жағдайы күрт нашарлағанда ата-ана жедел жәрдем шақырған, ауруханада дәрігерлер баланың уланғанын айтқан.

"Кішкентай болып қалған. Танымай қалдым. Бала комада. Баланың тек жүрегі соғып тұр, басқа ағзалары жұмыс істеп тұрған жоқ. Баланың жүрегіне массаж жасап жатырмыз деді. Содан соң балаңыз шетінеп кетті деді", - дейді Айымгүл.

Бұл емханаға шағымданғандар аз емес. Бағдарламаға "Қонжық" емханасы берген емнен соң қызының жағдайы нашарлаған тағы басқа ата-ана келді.

Дәрігер әлеуметтік желіде Асфендияров атындағы оқуды тәмамдап, сол оқу орнында сабақ бергені жайлы жазған. Алайда оқу орны оның оқуды аяқтағанын, бірақ оларда қызмет етпегенін айтты.

"Қонжық" емханасының бас дәрігері Айгерім Асқарқызы ұялы телефонын алмаған және жұмыс орнына бармаған. Осылайша, бағдарлама қызметкерлері онымен кездесе алмаған. Азамат пен Айымгүл дәрігердің үстінен арыз жазған. Әділдік орнату үшін ары қарай заңгер көмегімен істі жалғастырмақ.