Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қызылжарда 87 ауылға су басу қаупі төніп тұр

09.02.2024ж. 20:00
307
Қызылжарда 87 ауылға су басу қаупі төніп тұр

Петропавл биыл қар астында қалды. Күн жылынса, еріп, айналаны астаң-кестең қылады. 87 ауылға су басу қаупі төніп тұр.

Аймақ жұрты үш айдан бері бораннан көз ашпай отыр. Коммуналдық қызметтер күні-түні жұмыс істегенімен, қар азаяр емес. Әсіресе, жеке сектор тұрғындары қар құрсауында қалған.

Ольга БАБУШКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Биыл қар тым көп. Кейде жолды басып тастайды. Біз тұрғындармен қосылып, трактор шақыртайын деп едік. Бірақ оның қызмет құны өте қымбат. Сондықтан техника жалдауға жағдайымыз келмейді.

Виктор БАСТЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Коммуналдық қызметтер бірінші рет келді. Соған риза болып отырмыз. Әйтпесе, жолдарды қар басып, шыға алмай қалдық.

"Казгидромет" мамандарының айтуынша, қыс басталғалы аймақта қар көлемі нормадан 3 есе көп түскен. Әсіресе Тимиряз, Мүсірепов және Айыртау аудандарында қар қалың. Синоптиктер жауын-шашынның әлі де мол түсетінін айтып отыр.

Наталия ЛЕВИНА, “ҚАЗГИДРОМЕТ” РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қараша айынан бастап аймақта қар көлемі 180мм-ге дейін дейін жауған. Қазір даладағы қардың қалыңдығы 50 см-ге дейін жетеді. Қазір ақпанның басы ғана болғанымен, бір айлық норма жауып тастаған. Сондықтан алдағы екі айда әлі де қар қалыпты жағдайдан көп түседі.

Төтенше жағдай мамандары тасқынға қарсы оқу-жаттығу жұмыстарына кірісті. Құтқарушылар техникаларын сайлап, аса қауіп төніп тұрған 87 ауылды жіті бақылауға алған.

Ерік САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД БАСШЫСЫ:

ҚАЗАҚША: ол 87 ауылды біз үшке жіктейміз: біріншісі - өзендердің көтерілуіне байланысты қауіп төнуі мүмкін, екіншісі - көлдердің деңгейіне байланысты қауіп төнуі мүмкін, және үшіншісі - қардың бірден еруінен қауіп төнетін ауылдар.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Мамандардың айтуынша, су тасқыны наурыз айының соңында байқалуы мүмкін. Ал қауіпті аймақта 5 мыңнан астам тұрғын бар. Күн күрт жылынса, жағдай қиындайды. Ондай жағдайда өзге өңірлерден көмек шақыру да ойда бар.