Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

"Алдағы жаз былтырғыдан да ыстық болады", - ТЖМ

12.02.2024ж. 20:00
329
"Алдағы жаз былтырғыдан да ыстық болады", - ТЖМ

Елімізде соңғы екі жылда 100 мың гектардан астам орман өртке оранған. Салдарынан мемлекетке 182 миллиард теңге залал келді. Бұл туралы бүгін үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин мәлімдеді. Қызыл жалыннан табиғатты неге қорғай алмай отырмыз? Жауаптылар не дейді? Тілшімізді тыңдайық.

Қостанай мен Семейдегі алапат өрт соңғы екі жылда орман шаруашылығына еріксіз назар аудартып, біраз олқылықтың бетін ашты. Депутаттар бүгін мәжіліс қабырғасына келген жауапты ведмоства басшысы Ерлан Нысанбаевқа сұрақты қарша боратты. Себебі өткен жылдың өзінде 810 орман өрті тіркеліп, 117 мың гектарға жуық жер тып-типыл болған. Осы тұста депутат Еділ Жаңбыршин министрдің айтқан мәселелеріне көңілі толмады.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгінгі баяндамалардан президенттің тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар басталғанын көріп отырмыз. Алайда осындай ахуалға алып келген кейбір жүйелі мәселелер толық шешімін тапты деп айту қиын. Егер оларды түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрттердің қайталануы әбден мүмкін. Өйткені алдағы жаз айлары қатты ыстық болады деп болжануда, сондықтан дайындықты қазірден бастауымыз керек.

Депутат экология комитетінде сынға алды. Себебі соңғы екі жылда орман шаруашылығы комитеті табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеру жоспарлаған. Алайда іс-жүзінде бір ғана тексеру жүргізілген. Яғни, бұл дегеніміз комитет республика өңірлеріндегі нақты ахуалдан және мәселеден хабарсыз деуге болады, - деді депутат. Ал, ведмоства басшысы орман өртінің күрт көбеюіне жаһандық климаттың өзгеруі себеп деді.

Ерлан НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Соңғы жылдары орман өрттерінің көбейіп кетуі дүниежүзінде климаттың өзгеруіне тікелей байланысты екенін атап өтеміз. Бұл ретте басқа жерге қарағанда азиялық континентте климат 4 пайызға жылдам жылып жатыр. Бұл құбылыс өткен жылғы желтоқсанда Дубайда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенция туралы тараптар конференциясында айтылды.

Соңғы жылдары өрт 13 пайызға өсіп, келтірілетін залал 8 пайызға артқан. Жағдай биылда күрделі болуы мүмкін. Себебі аптап ыстық өткен жылдан да жоғары болады деген болжам бар.

Бауыржан СЫЗДЫҚОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Дүниежүзілік метерологиялық ұйымның мәлімет бойынша 2024 жыл өткен жылмен салыстырғанда оданда ыстық болады деп күтілуде. Қазгидрометтің мәліметінше, биыл елімізде жазда орташа температура 19-23 градусты құрап, 40 градус және одан да жоғары болады деп болжанып отыр

Орман өртін алдын алуда мәселе шаш етектен. Депутаттар жаңа үкімет жылдамырақ қаржы бөлмесе, қызыл жалын күресу қиын болады деп отыр. Ол үшін заманауи құрал-жабдықтар алынып, бақылау күшейтілуі керек.