Спорт Қазақстан
$460.15 €501.38 ₽5.11
×

«Жас Отан» белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын бастады

AstanaTV
06.01.2017ж. 20:00
2754
«Жас Отан» белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын бастады

Павлодарда «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы басталды. Бұл игі шараны белсенді жасотандықтар қолға алған. 10 топқа бөлінген қыз-жігіттер қарт майдангерлердің отбасына барып, көмек көрсетуге кірісті. Бірі ауланың қарын тазалап, отын-суын дайындап беріп жүр. Ал, енді бірі үй ішін ретке келтіріп, зейнеткерлерді қуантып тастады.

Бұл соғыс ардагері Кәмел Қыпшақбаев ақсақалдың шаңырағы. Жасы 100-ге таяған қария әлі де тың. 21 жасында майданға аттанған ол екі мәрте жараланып, елге аман оралған. Мұны өзі «Алланың сыйы» деп біледі. Соғыстан кейін Кемеров қаласындағы кеніште көп жыл еңбек етеді. Көп жыл отасқан зайыбымен бірге үш ұлы мен бір қызынан немере-шөбере сүйіп отыр. Қариялар көмекшілерді қуана қарсы алды.

Манзу Қыпшақбаева:

Өзіміздің балалар сияқты. Келген түрлерінен, жүрістерінен, істеген жұмыстарынан! Әйнектен қарап отырмын даладағылар, үйдегілер бәрі де...еденге дейін жуып берді. Көптен көп рахмет!

Қолына күрек алған жастар ардагердің ауласын тап-тұйнақтай етті. Бірнеше күн толассыз жауған қардан үйдің алдында жүріп-тұру қиындап кеткен. Ал, қариялардың үйілген қарды аршуға шамасы жетпейтіні анық. Сондықтан жігіттердің біраз тер төгуіне тура келді.

Айбек Жұмат, «Нұр Отан» партиясы ПОФ баспасөз хатшысы:

Павлодар қаласында 10 топ жұмыс істеп жатыр. Солардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері бар. Жинап алған қарды қалалық әкімдік өкілдері тарапынан көмек көрсетіліп, осы қарды әрі қарай қала сыртына шығаруға көмек берілуде.