Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Коммуналдық қызмет құны 30 процентке өсті

13.02.2024ж. 20:00
1890
Коммуналдық қызмет құны 30 процентке өсті

Астаналықтар коммуналдық қызметтер үшін келген түбіртекті көріп жағасын ұстады. Қаңтар айында жылу, жарық пен судың құны бұрынғыдан екі есе көп шықты, - дейді тұрғындар. Энергияның шарықтауына не себеп? Жауапты мекеме не дейді? Тілші Айсәуле Съезбек мәселеге үңіліп көрді.

Серік Нажаров зейнетақымның жартысын коммуналдық шығындарға жұмсадым, - дейді. Айтуынша, 10 күн үйде ешкім болмаған. Бірақ су мен жарықтың төлемі әдеттегіден екі есе көп шығыпты.

Серік НАЖАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өткен айда 27 мың төлеген едім. Қаңтарға 45 мың теңге келіп тұр екен. Амал жоқ төледім. Зейнеткерлер үшін бұл өте көп қой. Жұбайым екеуміз ғана тұрамыз. Күнде жұмыстамыз. 2 аптадай Египетте болдық. Соған қарамастан су мен жарық та еселеп артқан. Қайдан шыққан баға екеніне басым жетпеді.

Осы секілді шағым көп. "Қымбатшылық екі ай қатарынан байқалды" дейді тұрғындар.

Руслан ДӘУЛЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екі есе өсіп кеткен. Отопление особенно. Біз отоплениеге 3-4 мың төлейміз. Ал декабрьда 6 мың төледік. Звондап білдім, себебі айтып жатыр декабрьде жылу көп бердік деді. Жарайды деп, мақұл деп төлей салдым. Енді январьдан почти 8 мың төлеп жатырмыз.

«АстанаЭнергосбыт» жылудың қымбат шығуына 1 қаңтардан бастап тарифтің өзгеруі мен ауа райының суықтығы себеп болды дейді. Жаңа жылға дейін халық жылудың 1 гигакалориясына 3097 теңге төлеген. Қаңтарда баға 3716 теңгеге бір-ақ шықты. Үйінде есептеу құралы жоқтар тіпті 4459 теңгеден төлейді. Яғни, тариф 30 процентке артқан. Әр гигакалория үшін заңды тұлғалар - 5966, бюджеттік ұйымдар - 7073 теңге төлейді. Ал су мен электр энергиясының тарифінде өзгеріс жоқ. Түбіртектегі суммамен келіспейтіндер мекемеге келіп, қайта есептесуіне болады.

Жеке тұлға – 3097 теңге/Гкал – 3716,41 теңге/Гкал

Есептеу құралы жоқ болса – 4598 теңге/Гкал

Заңды тұлға – 5646 теңге/Гкал – 5966,37 теңге/Гкал

Бюджеттік ұйым – 6694,76 теңге/Гкал – 7073,94 теңге/Гкал

Нұрлан БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Тарифтің өсуі экономикалық табиғи процесс. Біз тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жүйесінде ірі инфрақұрылымдық проблемалармен бетпе-бет келдік. Бұл экономикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Жарық пен жылусыз қалуымыз мүмкін.

Ұлттық экономика министрі тариф әзір тұрақталмайтынын айтты. Жоспардағы инфрақұрылымдық жобалар толық жүзеге аспайынша, қымбатшылыққа тосқауыл жоқ.